$ 443.35  475.54  4.82

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай онлайн ән байқауы өтіп жатыр

Байқауға барлық тілек білдіруші қатыса алады.

Алматыда 13 шілдеде Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры кәсіби емес орындаушылар арасында конкурс жариялады. Байқау ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр. Ақынның мерейтойы аясында байқау 13 шілде мен 9 тамыз аралығында кәсіби емес орындаушылар арасында өтіп жатыр. «Абай әндері» конкурсы онлайн форматта өтеді, - дeп хабарлайды Sn.kz.

Байқауға барлық тілек білдіруші қатыса алады. Ол үшін Абай Құнанбайұлының өзіңіз сүйіп тыңдайтын туындысын орындап, оны видеоға түсіріп, қазылар алқасына жіберу қажет. Іс-шара туралы толық ақпарат театрдың ресми сайтында және театрдың әлеуметтік желілеріндегі аккаунттарда жарияланған.

«Абайдың 175 жылдығына орай 2020 жылы ауқымды бағдарлама дайындадық. Мерейтой аясында ТҮРКСОЙ елдерінің қатысушыларымен халықаралық фестиваль өткізу жоспарланған болатын. Алайда пандемияға байланысты барлық іс-шараларды кейінге қалдыруға тура келді. Бірақ біз онлайн-байқау өткізуді және оған кәсіби емес орындаушыларды тартуды шештік, өйткені Абай – халық ақыны»,– деді МАОБТ директоры Ая Қалиева.

Айтуынша, байқауға Түркі елдерінің өкілдері де қатыса алады. Осылайша, шығармашылықтың шегін кеңейту көзделген. Байқауға қатысатын әртістер жанр жағынан шектелмейді. Тіпті ойшылдың шығармаларын жеке және ансамбльдерде орындай алады.

Сонымен қатар байқау таланттарды ашуға арналған. Ашық онлайн дауыс беру соңында барлық жеңімпаздар ұйымдастырушылардан алғыс хаттар мен дипломдарға ие болады. Ерекше көзге түскен өнерпаздарды театрдағы қойылымдарға шақырылады.

Байқауға қатысушылардың видеосы театрдың ресми YouTube арнасында орналастырылады, онда ашық онлайн дауыс беру өтеді.

30 шілде сағат 00.00-ден бастап онлайн дауыс беру жарияланды. Енді театрдың Abay Theatre YouTube арнасында дауыс беруге болады.

Айта кетейік, «Абай әндері байқауы» ҚР мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізіліп жатыр.

Байқауға 6 жастан бастап 72 жас аралығындағы Қазақстанның түкпір-түкпірінен орындаушылар қатысып жатыр. Байқауға қатысуға Алматы,

Талдықорған, Қарағанды, Қызылорда, Жаңаөзен, Қызылорда облысы, Павлодар, Түркістан облысы, Нұр-сұлтан, Өскемен, Семей, Тараз, Екібастұз, Ақтөбе, Арқалық және Монғолиядан өтінімдер келіп түскен.

Байқау қорытындысы төрт жас бойынша бөлінеді: 4-тен 14-ке дейін, 15-тен 24-ке дейін және 25-тен 44-ке дейін, сондай-ақ 45-тен жоғары.

Елде карантин жарияланған алғашқы күннен бастап Абай атындағы опера және балет театры өз көрермендерін және театр өнерінің жанкүйерлерін қуантып, онлайн форматта жұмыс істеп келеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары