18.08.2020, 03:38

«Экология сабағын 1 қыркүйекке дейін асығыс енгізу мәселесі алдымызда тұрған жоқ» - Асхат Аймағамбетов

Оның пікірінше, осы бағытта жұмыс істейтін еліміздегі 170 үкіметтік емес ұйым аздық етеді.

Қазақстан мектептеріне экологиялық мәдениет бойынша білім беру бағдарламасы биыл толық енгізілмейді. Бұл туралы бүгін KUN.KZ жобасы өткізген онлайн-конференцияда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты. Талқылауға Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева және экологтар, қоғам белсенділері мен ғалымдар қатысты.

«Экология сабағын 1 қыркүйекке дейін асығыс енгізу мәселесі алдымызда тұрған жоқ. Біз ең алдымен, берілетін білімнің жас ерекшелігіне қалай сәйкес келетінін зерттеп, әдістемелік мәселелерді қарап, ұйымдастырып жатырмыз. Әрине, сабақтан тыс уақытта да экологиялық білім беру маңызды. Бәрін бір пәнге кіріктіріп қойсаң, тиімділігі жоғары болмайтыны белгілі... Көп мәселе ойын, тәжірибе арқылы, қолмен жасап шығару, олимпиадалар, мейкатон арқылы жүру керек. Бала тек құлағымен естіп қана қоймай, іс-әрекетпен қатысқанда ғана білімі дұрыс болады», - деді А. Аймағамбетов.

Дегенмен, Білім министрі биыл 1 қыркүйектен бастап мектептерде қосымша экологиялық сағаттар жүре бастайтынын жеткізді. Яғни, экологиялық білім бағдарламасына біртіндеп енгізіледі.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева да осы пікірмен келіседі.

«Біріншіден, экология пәнін толыққанды сабақ ретінде мектеп бағдарламасына бірден енгізуге асықпаған жөн. Себебі, бала санасы қоршаған орта туралы күрделі ғылымға дайын болуы тиіс. Сондықтан алдымен факультативтік үйірме санын көбейтіп, осы арқылы негізін қалаған дұрыс. Екіншіден, экологиялық білім беру жүйесін үздіксіз ету керек. Яғни, орта, арнайы, жоғарғы білім деңгейлерінде бірыңғай әрі сабақтас білім негіздерін қалыптастыру қажет. Үшіншіден, ЖОО-лардағы экология пәні бойынша бағдарламаларды ретке келтіру керек. Себебі, қазір әр ЖОО-ның өз еркі өзінде, жалпыға ортақ кешенді бағдарлама жоқ», - деді А. Балаева.

Сонымен бірге, Балаева экологиялық мәдениет халық арасында жеткілікті насихатталмай жатқанын алға тартты. Оның пікірінше, осы бағытта жұмыс істейтін еліміздегі 170 үкіметтік емес ұйым аздық етеді.

«Экологиялық мәдениеттің бастауы білім мен тәрбиеде жатыр. Қалада өсіп жатқан балалардың ішінде қой мен ешкіні білмейтіндер, шөп пен тікенді ажырата алмайтындар көп. Бұл, әрине, ежелден табиғатпен бірге өсіп, аң-құстың киесін құрметтеген, оны жеті қазынасына қосқан халықтың ұрпағы үшін үлкен сын. Сондықтан экобілімді де, экомәдениетті де ең алдымен, мектептен бастау керек», - деп айтты министр.

Мағзұм Мырзағалиев экологиялық тәрбиені кешенді жұмыс ретінде қарастырып, барлық шараға бастамашы болуға дайын екенін жеткізді.

«Экологиялық білім мектептегі бір ғана пәнмен шектеліп қалуы тиіс емес деп ойлаймын. Ол қоғамның барлық өкілдерінің, сарапшылардың, мемлекеттік органдардың ортақ кешенді жұмысы болуы тиіс. Барлығы ата-аналардың берген экологиялық тәрбиесінен басталады», - деді ол.

Еске салсақ, 10 шілде күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерде балаларға экологиялық білім беретін жаңа пән енгізуді тапсырған еді.

Тегтер: экология