Қазақы таным-түсінігіміз бен менталитетімізге жат идеологияның тырнағына ілігіп, қауіпті үгіт-насихаттың, өзге мүддені көздейтін діни ағымдардың құрбаны болмас үшін не істеген жөн?
Тәуелсіздік алған жылдары біздің жастарымызға шетелге шығуға мүмкіндік туып, олар сол жақтан діни білім ала бастады. Кейбіреуі шетелдің жоғары оқу орындарында білімін жетілдірді. Ол кездері өз елімізде шетелдегі жоғары оқу орындар секілді діни білім беретін білім ордалары жоқтың қасы болатын. Сондықтан кейбір жастарымыз өз бетінше Мысыр, Сауд Арабиясы, Пәкістан, Ливия секілді елдерге оқуға кетіп, елге оралған соң қоғамдағы көңіл-күйге кері әсер ете бастады. Олар араб елдерінен білім алып қана қоймай, жат елдің мәдениеті мен салт-дәстүрін сол күйі қабылдап, таза ислам осы, қазақтар шатасып жүр деп өзіміздің имамдарға, ақсақалдарға, ата-аналарына қарсы шығып, жат қылық көрсете бастады. Қазақтың салт-дәстүрінің барлығын дерлік жоққа шығарып, Абай адасқан, Шәкәрім шатасқан дегендей ел ішінде әңгімелер тарата бастады. Осы кездерден бастап діни ахуал бұрынғыдай емес, күрделенгені рас. Сондықтан мемлекет тарапынан бұл мәселеге көңіл бөлініп, шетелдің кез келген оқу орнынан білім алуға тыйым салынды.
Осы ретте, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша Алматы қалалық «Ақпараттық түсіндіру тобының» мүшесі, Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану бөлімінің аға ғылыми қызметкері, PhD докторы, Алмас Шағырбаевтан аталған мәселеге қатысты сұхбат алған едік .
"Болашағын дінтану мен теологиялық ілімдерді зерттеуге арнаған жастарға өз отанында кәсіби білім алудың барлық мүмкіндіктері жасалған. Ол үшін қазір бір кездегідей шетел асып, оқуға барудың қажеті жоқ. Білім алып, ел мен жер көрсін деп бір кездері баласын шетел асырған ата-ана өз ұрпағының мүлде басқа кейіппен оралатынын күтпеді. Сондықтан жастарымызды деструктивті діни ағымдардың қатерінен сақтау үшін өз елімізде исламдық бағытта білім беретін жоғары оқу орындары ашылды. Содан бері діни білім саласындағы жағдай мемлекеттің қатысуымен жүйелі түрде шешіліп келеді. Шетелде берілетін білімді сол деңгейде өз елімізде де алуға болады", – дейді дінтанушы.
Зайырлы білім берудің бөлігі ретінде елімізде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ мен «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеттерінде дінтану, исламтану мамандары даярланады. Аталған жоғары оқу орындарында мемлекеттің тапсырмасымен болашақ дінтанушылар мен исламтанушылар білім алуда.
"Бұл дінтану мамандығы діндерді ғылыми-педагогикалық бағытта оқытады. Оқитын бағдарламаларының барлығы Білім және ғылым министрлігінің бекіткен оқу бағдарламасына сәйкес жүргізіледі. Бакалавр дәрежесін бітірген студент кейін мұғалім не басқа да мемлекеттік тиісті органдарда жұмыс істей алады. Ал «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті дінтанушы, теолог, исламтанушы мамандарын дайындауда. Бұл университетіміз шетелдік жоғары оқу орындарынан асып түспесе, кем емес. 2012 жылдан бастап аталған университетте докторантура дәрежесі ашылып, докторларды өз елімізде дайындауда. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары аға буын өкілдері әлемдік деңгейде сауатты діни білім беретін жоғары оқу орны ретінде мойындалған Әл-Азхар университетінен білім алып, бүгінде
«Нұр Мүбарак» университетінде сабақ беріп жүр. Сондықтан теологиялық білімді өз елімізде де алуға, өз елімізде де діни сауатты кадрлар дайындауға барлық жағдай жасалған", – дейді А.Шағырбаев.
Егер бұрындары дінтанушы маман десе адамдар имам болып шыға ма деген секілді сұрақтар қоятын болса, қазір олардың кім екенін жұрт жақсы біледі.
Дінтанушы – дін саласындағы эксперт. Қандай да бір діни мәселені ғылыми тұрғыдан талдап, талқылап беретін адам. Ол – діни қызметкер емес.
Дінтану – бұл ғылыми және сыни ойлау қағидаттарына негізделген зайырлы білім. Дінтанушылар белгілі бір қоғамдағы, дамыған мәдениеттердегі және біздің өміріміздің көптеген басқа салаларындағы діннің жағдайын объективті бағалайды. Әр түрлі конфессияларды білу жанжалды жағдайлардың алдын алуға және оларды дер кезінде шешуге мүмкіндік береді. Дінтанушылар зерттеулер жүргізіп, аналитикалық ғылыми мақалалар жазады, дәрістер мен семинарлар өткізеді, билік өкілдеріне кеңес береді.
Бұл мамандық әлемдегі көптеген жоғары оқу орындарында, тіпті Кембридж бен Гарвард университетінде оқытылады. Ал біздің елімізде дінтану ең жас мамандықтардың бірі саналады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, профессор Айнұр Құрманалиева сонау екі мыңыншы жылдары дінтанушы мамандығын бітірген студенттер жұмыс таба алмай қиналса, бүгінде бұл саладағы жағдай мүлде өзгерген. Дінтанушыларға барған сайын сұраныс артуда дейді. Оның үстіне Қазақстан көпконфессиялы ел болғандықтан ол діни қызмет пен конфессияаралық қарым-қатынасты реттеуде белсенді саясат ұстанады, соған сәйкес елімізге дінтанушылар аса қажет.
"Соңғы жылдары өзінің туған отанын тәрк етіп, шетел ауып, басқа елге барып отан іздеген адам көбейген сайын сол жағдайларға талдау жасай алатын және кез келген діннің қоғамды біріктіруші күші, адамда руханилық пен адамгершілікті дәріптейтін жағы емес, керісінше өзінің ортасынан жұлып алып кетуге итермелейтін ол қандай күш деген мәселелерді талдауда дінтанушы мамандардың қажеттілігі артуда", – дейді Айнұр Дүрбелеңқызы.
Дінтанушы маманға заман талабының өзі сұраныс тудырып отыр. Себебі, қазір бір ғана дінтанушы мамандығының өзі түрлі саламен бейімделіп оқытылуда. Жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес бұрын дінтанушы мамандар тек сол дінтану бағытында дайындалып келген болса, қазіргі кезде дінтанушы-эксперт, дінтанушы-теоретик, дінтанушы-практик, ислам саласындағы эксперт, христиандық саладағы эксперт, жаңа діндер саласындағы эксперт траекториялары бойынша мамандар дайындалады.
Дінтанушылар оқуды бітіргеннен кейін мемлекеттік және муниципалдық басқару органдарында, ҰҚК және ІІМ талдау қызметтерінде Діни экстремизмнің алдын алу, ұлтаралық және конфессияаралық өзара іс-қимыл саласындағы тәуелсіз сарапшылар ретінде жұмыс істейді, оқытушылық қызметпен де айналыса алады.