Бүгін ғаламтор бетінде Ресейдің Новосібір қаласындағы Толмачево әуежайында Kazakhstan Air Force деген жазуы бар Boeing 757−200 ұшағы тұрғаны туралы дерек пайда болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Тайга.инфо басылымының хабарлауынша, әуежайда қаңтарылып тұрған бұл ұшақтың сол жақ қанаты жұлынған. Бұл ұшақтың Қазақстанға тиесілі екенін айтылады. Одан басқа оның қайдан ұшып келгені және апатқа түскені не түспегені туралы ақпарат айтылмаған.
Түстен кейін Atameken business арнасы ұшақтың Қорғаныс министрлігіне тиесілі екені туралы ақпарат жариялады. Аталмыш дерек көзінің жазуынша, бұл ақпарат Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне хабарласу барысында белгілі болған.
Қазақстанның Қорғаныс министрлігі бұған қатысты пікір білдірді.
«Кейбір бұқаралық ақпарат құралында Толмачево әуежайында (Новосибирск қ.) қанаты жыртылған қазақстандық ұшақтың болуы туралы хабарлама пайда болды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасай отырып, бұл ұшақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің балансында тұр. Осы ақпарат бойынша Қорғаныс министрлігі мынаны хабарлайды.
Қазақстанның Әскери-әуе күштерінің ұшағы (әуе басқару пункті) Ресей Федерациясының Новосибирск қаласында «S-7 ИНЖИНИРИНГ ҚБ» жоспарлы техникалық қызмет көрсетудің өтуіне байланысты орналасқан. Жөндеу жұмыстары кезінде фюзеляждың жекелеген бөліктерін және басқа да тораптар мен агрегаттарды уақытша бөлшектеу талап етілуі мүмкін. Бұл жерде сенсациялық ештеңе жоқ, жұмыстар жоспарланған режимде жүзеге асырылады», - делінген ведомство хабарламасында.