Батыс Қазақстан облысында кәмелетке толмаған қызды зорлаған күдікті түрмеге жабылмады, деп хабарлайды Stan.kz.
Айыпталушы Анатолий Марченко ҚР ҚК 120-бабы 4-бөлігімен (жас баланы зорлау) айыпталды. Айыптау актісіне сәйкес сотталушы 12 жастағы жәбірленушінің жастығына байланысты өз іс-әрекетінің мәнісін түсінбейтінін пайдаланып, онымен жыныстық қатынасқа барған.
Десек те алқабилер істі қарай келе, көпшілік дауыспен жәбірленуші өзінің дене және психикалық дамуына сай өз әрекетін түсіне білген, жыныстық қатынас оның келісімімен жасалған деген қорытындыға келді. Сотталушы күш қолданбаған, зорлық әрекеттеріне бармаған, бұл жерде 16 жасқа толмаған жасөспіріммен ерікті түрде жыныстық қатынас жасалған.
Айта кетейік, алқабилердің шешімі жасырын дауыс беру арқылы қабылданады. Судья бұған ықпал жасай алмайды. Осылайша сотталушының әрекеті ҚР ҚК 122-бабы 1-бөлігімен (бұл ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады) сараланды.
Бұған қоса алқабилер айыпталушының бұрын сотталмағанын, бір жасар баласы бар екендігін, жағымды мінездемесін жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Көпшілік дауыспен сотталушының 2 жыл 6 айға бас бостандығы шектелді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.