Шыңжаңдағы акушер қызметінде болып, кейіннен қоныс аударуға мәжбүр болған жандардың ақпаратынша, аталмыш аймақта мәжбүрлі аборт жасау мен босанғаннан кейін үш жылға толмай жүкті болған әйелдердің жүктілігін мәжбүрлі тоқтату саясаты іске асуда. Бұл туралы Newsroom.kz RFA агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Түркияда өмір сүретін Хасиет Абдулла 15 жыл бойы Шыңжаң ауруханаларында қызмет еткен. Оның RFA берген арнайы ақпаратына сенсек, ұйғыр және өзге азшылық ұлттардың санын реттеп отыру саясаты бар. Ауылдық аймақтарда үш бала, ал қалалық аймақтарда екі баладан асырмау саясаты қатаң жүзеге асуда. Әр аймақтағы ауруханада отбасын жоспарлау бөлімшесі бар. Олар барлық жүктілік бойынша арнайы мұрағат жүргізіп отырады.
Абдулланың мәліметі бойынша соңғы жылдары Шыңжаңда аз ұлттарға мәжбүрлі түрде аборт жасату саны еселеп артқан. Бұл туралы неміс ғалымы Адриан Зенц арнайы зерттеу жұмысын да жүргізіпті.
Вашингтондағы коммунизм құрбандары қорының ғылыми қызметкері Зенцтің айтуы бойынша азшылық ұлттардың санын қатаң бақылау, бала санын шектеу және мәжбүрлі аборт жасату ондаған есе көбейген. 2015-2018 жылдары Қытайдың ұйғырлар көп тұратын екі аймағында бала туу көрсеткіші рекордтық деңгейге дейін түсіп кеткен.
Бұл 2017 жылғы саяси қудалау науқанының басталуымен тікелей байланысты.
Urumqi News Online сайтының ақпараты бойынша Үрімжіде күн сайын орта есеппен, 30-60 мәжбүрлі түрде аборт жасалатын көрінеді. 2019 жылдың бір ғана қараша айында 533 аборт жасалған.
Мәжбүрлі түрде аборт жасату және аз ұлттардың санын бақылауда ұстау саясатына ұшыраған жүздеген адамның арнайы мәліметтері халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдарына беріліп, бұл бойынша тексеру жұмыстары жүргізілмек.