Қарағанды облысында киікті қынадай қырған браконьерлер қолға түсті. 200-ден аса ақбөкенді сұлатып салған қаскөйлер Қызылорда және Қарағанды облыстарының тұрғындары болып шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Сондықтан броконьерлердің ізіне екі облыстың полицейлері түскен. Олар қулығына құрық бойламайтын қаскөйлерді тікұшақпен аңдыпты. Айдалада баудай қырған киіктерді мүшелеп жатқан 6 адамның қолына бірден кісен салынды. Көліктерінен қару жарақ, оқ-дәрілер мен киік мүйіздері тәркіленді. Олардың ұзын саны 212 ақбөкенді жайратқаны анықталған. «Жаңа заң бойынша жазалары да ауыр болады», - дейді полицейлер.
"Бұрын осындай қылмысқа 5 жыл болса, қазіргі нұсқамен браконьерлер 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ұсталған 6 азаматтқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу абақтысына қамалды", - Қарағанды облыстық ПД бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.