Алматыда жалған ақша қаражатын дайындап өткізгендер сотталды. ҚР ҚМ ҚМК баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында номиналы 10 000 теңге болатын жалған банкноталарды дайындау және өткізумен айналысатын екі азаматтан құралған қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
Тексеру шараларын жүргізу барысында бір топ тұлғаның алдын-ала келісім бойынша өткізу мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің жалған банкноталарын дайындайтын астыртын цехты ұйымдастырғаны анықталды, - делінген хабарламады.
Жалған ақша қаражатын дайындайтын цех ретінде жабдықталған пәтерді тінту барысында ноутбук, түрлі-түсті принтер, сутаңбасы бар арнайы қағаз, бояу флакондары, екі жағында 10 000 теңгелік суреттері (бланкілері) бар сандық файлдар, банкнот пен ою-өрнектің орнын алмастыратын фольгадан жасалған ленталар, кеңсе тауарлары және сомасы 220 000 теңгені құрайтын жалған қағаз ақша тәркіленіп алынды.
Сот үкімімен айыпталушылар ҚР ҚК 231-бабының 2-бөліміне сәйкес (жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасау, сақтау, алып өту немесе өткізу) кінәлі деп танылып, астыртын цех ұйымдастырушылардың біріншісіне 5 жыл, екіншісіне 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Дереккөз: Baq.kz