Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жыл соңына дейін Қазақстандағы 2 орташа қауіпсіз мекемесін жабуды тапсырды. Олар – Қостанай облысы Құсмұрын ауылындағы УК-161/4 мекемесі және ШҚО-дағы Шуақ ауылындағы ОВ-156/17 мекемесі.
«Соңғы 10 жылда Қазақстанда сотталушылардың саны 2 еседен аса азайды. Осы ретте, біз бұған дейін де әбден тозығы жеткен, сәулет және техникалық жағынан ескірген мекемелерді жаптық. Өткен жылы 4 мекеме жабылды. Негізінен облыс орталықтарынан шалғайда орналасқан мекемелерді жауып жатырмыз. Себебі, ол жерлерде сотталушыны жұмыспен қамту мәселесі қиындық туғызып отыр. Ал, үнемделген қаражат басқа пенитенциарлық мекемелердің материалдық-техникалық жағын нығайтуға жұмсалады», - деп түсіндірді Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Есқали Саламатов.
Комитеттің хабарлауынша, жабылатын түрмедегі сотталған азаматтар басқа мекемелерде жазасын өтейді. Ал, жабық колониялардағы сотталғандар біртіндеп қауіпсіздігі жоғары, коммуналдық және тұрмыстық жағдайы жақсы деңгейдегі жақын мекемелерге ауыстырылады.