27.08.2020, 10:00

Жетісайда қаржы пирамидасын құрғандар ұсталып қалды

Фото: newtimes.kz
Сондай-ақ оның Мақтаарал ауданында екі сыбайласы болған.

Оңай жолмен ақша табамын деп үміттенген Түркістан облысы Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарының 74 тұрғыны салған ақшасын қайтара алмай қалды. Бұл туралы otyrar.kz хабарлайды.

Қазір осы жайтқа байланысты Жетісай аудандық полиция бөлімінде жедел топ құрылды. Күдікті ретінде Шымкент қаласының тұрғыны ұсталды. Сондай-ақ оның Мақтаарал ауданында екі сыбайласы болған. Күдіктілер қамауға алынып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабының (қаржы пирамидасын құру және оған жетекшілік ету) сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу барысында ұйым кеңсесінде тінту жұмыстары жүргізіліп, құжаттар, компьютерлер және басқа материалдар тәркіленді», - дейді Түркістан облысы Полиция департаментінің жетекшісі Қайрат Далбеков.

Департамент басшысы зардап шеккендердің көптігін, сондай-ақ қазір шығын көлемі анықталып жатқанын айтты.