Қаржы мониторингі комитетінің Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында номиналы 10 000 теңге болатын жалған банкноттар дайындау және өткізумен айналысқан екі тұлғадан тұратын қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы azattyq-ruhy порталына сілтеме жасап.
Тексеру барысында бір топ тұлғаға тиесілі Ұлттық Банктің жалған банкноттарын астыртын жасайтын цех болғаны анықталды.
«Жалған ақша қаражатын дайындайтын цех ретінде жабдықталған пәтерді тінту барысында ноутбук, түрлі-түсті принтер, сутаңбасы бар арнайы қағаз, бояу флакондары, екі жағында 10000 теңгелік суреттері (бланкілері) бар сандық файлдар, банкнот пен ою-өрнектің орнын алмастыратын фольгадан жасалған ленталар, кеңсе тауарлары және сомасы 220 000 теңгені құрайтын жалған қағаз ақша тәркіленіп алынды», - делінген комитеттің баспасөз қызметінің хабарламасасында.
Сот үкімімен айыпталушылар ҚР Қылмыстық кодексінің 231 бабының 2-б. сәйкес (жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасау, сақтау, алып өту немесе өткізу) кінәлі деп танылып, астыртын цех ұйымдастырушылардың біріншісіне 5 жыл, екіншісіне 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.