$ 494.87  520.65  4.91

Атырауда 38 миллион теңгеге 5 қоғамдық дәретхана орнатылған

Семей қаласының басшылығы 18 миллион теңгеге екі дәретхана сатып алды, ал биыл Алматының элиталық ауданында жалпы құны 96,5 миллион теңгеге он көше дәретханасы орнатылады.

Атырауда жалпы сомасы 38 миллион теңгеге бес қоғамдық дәретхана орнатылды, деп хабарлайды "Ақ Жайық" басылымы.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі «АЖ»-ға олардың мұнайлы астанадағы қоғамдық орындарда жүрген кезде қолайсыздықты сезінген қала тұрғындары мен қонақтарының көптеген өтініші бойынша сатып алынғанын хабарлады.

ТКШ бөлімінің меңгерушісі Алмас Сәрсеновтің айтуынша, ашық тендерде ең аз сома 38 миллион теңгені ұсынған «АврораKZ» ЖШС жеңіп алған. Тендер шарты бес дәретхананы жеткізу мен орнатуды, оларды кәріздік және электр жүйелеріне қосуды қамтиды.

"Мен бұл соманың құлаққа түрпідей тиетінін түсінемін, бірақ барлық құжаттарды дайындауды, орнату мен қосуды, салықтар мен банктік комиссия шегерімдерін есептесек, бұл орынды сома, көтеріңкі емес.

Қаламыз қарқынды дамып келеді, алаңдар мен гүлзарлар салынып, қайта жаңартылуда, жолдар кеңейтіліп, көпшілік іс-шаралар өткізілуде. Жалпы, атыраулықтар көшеде жүрген уақытын түзге отыратын жер іздеумен емес, жайлы өткізуі керек. Сатып алынған дәретханалар функционалды және эстетикалық тұрғыда жарасымды, қалалық ортаға сай келеді деп ойлаймын", - деді Алмас Сәрсенов.

Интернетте мұндай типтік қоғамдық дәретханалардың бағасы 2,5 миллион теңгеден басталатынын айта кеткен жөн. Салыстыру үшін тағы бірнеше факт: өткен жылы Семей қаласының басшылығы 18 миллион теңгеге екі дәретхана сатып алды, ал биыл Алматының элиталық ауданында жалпы құны 96,5 миллион теңгеге он көше дәретханасы орнатылады.

Атырауда дәретханалар Жеңіс саябағында, Исатай-Махамбет алаңында, Авангардтың соңғы аялдамасында және тағы екеуі жағалауға орнатылды.

"Олар таңертеңгі сағат 8-ден кешкі 10-ға дейін жұмыс істейді. Мұнда дәретхана қағазынан бастап гигиена құралдарына дейін қажеттінің бәрі бар. Ондағы тазалық пен тәртіпке «Арнаулы автобаза» ЖШС жауап береді. Қазір дәретханаға бару ақысыз, бірақ болашақта олар сенімгерлік басқаруға беріледі", - деп хабарлады қалалық ТКШ бөлімінің баспасөз қызметі.

Бұдан бұрын «AЖ» хабарлағандай, сатып алынған дәретханалар санитарлық-техникалық құралдармен жабдықталған, әйелдер мен ерлер бөлек пайдаланатын модульдік павильон екен. Бір санитарлық орынжай мүгедектерге арналған жабдықтармен жарақталған, онда арба кіру үшін пандус қарастырылған. Пайдалану температурасы - +40 бастап -40ºС дейін. Сыртқы есігі болаттан жасалған, жарығы, унитазы, раковинасы, сабын мөлшерлегіші, айнасы бар. Пайдаланудың кепілдік мерзімі - 1 жыл.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары