Алматы полициясы тоғыз жасар баланың жоғалып кетуіне байланысты іздеу шараларын аяқтады. Қазіргі уақытта баланың тірі және денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ екені белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz.
"Жақсы жаңалық! Құдайға шүкір, бала табылды. Тірі және дені сау. Енді оны анасына тапсырамыз", - деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Қазіргі таңда баланың қалай жоғалып кеткені, бір тәулік бойы қайда болғаны белгісіз. Полиция алдағы уақытта нақты деректер жариялайтынын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін 2011 жылы туған Месут Мырзақұлов Медеу ауданындағы үйінен 1 қыркүйек күні сағат 13:00 шамасында шыққан, бірақ үйіне қайтып оралмағаны белгілі болған.
"Бойы 125 сантиметр, дене бітімі жұқа, шашы қара. Арнайы белгілер жоқ. Ол ашық түсті жолақ сызықтары бар футболкада, қара көк шортпен, ақ шілтері бар қара көк түсті кроссовкада болған. Месут Мырзақұловтың қайда екендігі туралы бірдеңе білетіндерден тез арада полицияға хабарлауларыңызды сұраймыз", - деп хабарлаған полиция департаментінің баспасөз қызметі.