$ 498.51  522.84  4.81

Шпекбаев парақорлар үшін жазаны қатаңдатуды ұсынды

Пара берушілер мен делдалдар үшін парақорлық жазасын қатаңдату мәселесі пысықталатын болады. Сотталған жемқорларға қатысты мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күшін жою ең қуатты профилактикалық әсерге ие болады.
фото: zanmedia.kz
фото: zanmedia.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев парақорлар үшін заңды қатаңдатуды ұсынып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Агенттік төрағасы сыбайлас жемқорлық азайту туралы бұл ұсынысын, Facebook-тегі парақшасында жазды. Оның пайымдауынша, ел ішінде сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін жауапкершілікті күшейту маңызды. 

"Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформаларының үшінші пакетінің аса маңызды бастамаларына қысқаша тоқталып өтейін.

Біріншіден – сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейту. Ең алдымен, бұл – құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға қатысты. Менің ойымша, олар заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтай отырып, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін қатаң жауапкершілікке тартылуы тиіс. Пара берушілер мен делдалдар үшін парақорлық жазасын қатаңдату мәселесі пысықталатын болады. Сотталған жемқорларға қатысты мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күшін жою ең қуатты профилактикалық әсерге ие болады. Осы тәжірибенің жалғасы ретінде біз аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін бірнеше еселенген айыппұл қолдануды және жемқорларға колония-қоныстарда тағайындалған жазаны қайта қарауды жоюды жақтаймыз.

Екіншіден – 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер, депутаттар мен судьялар үшін шетелде банк шоттарын иеленуге тыйым салуды енгізу. Бұл бастама ел мүддесі үшін қызмет ету идеологиясы тұрғысынан ғана емес.

Үшіншіден – менің ойымша, «Қоғамдық бақылау туралы» Заңның қабылдануы азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдарды сыбайлас жемқорлық пен бюрократияға қарсы жүйелі түрде әрекет етуге барынша кең ауқымда тартуға нақты серпін береді. Онда сан қырлы мәселелер бойынша қоғам өкілдерінің мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесудің нақты тетіктері көрініс табатын болады. Антикор әзірлеген Ашық бюджеттердің интерактивті картасы мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етудің негізгі құралы болу арқылы алға қадам баспақ. Бұдан басқа, мемлекеттік органдардың жанында ғана емес, ұлттық компанияларда да жұмыс істейтін қоғамдық кеңестердің рөлі едәуір күшейетін болады. Үздік шетелдік тәжірибелер негізінде сыбайлас жемқорлық фактілері туралы ақпарат берушілерді қорғаудың кешенді жүйесін әзірлеу азаматтық қоғамды жандандырудың маңызды құралы болмақ", - деп жазды Шпекбаев.

Сондай-ақ ол, шенеуніктердің заңсыз байығаны үшін жауапкершілікті енгізу дұрыс деген ойда. 

"Қазіргі таңда Үкіметпен бірлесіп, ЭЫДҰ, ГРЕКО, БҰҰ ұсынымдарынан туындайтын сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалар пысықталды. Олардың негізгісі – шенеуніктердің заңсыз байығаны үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті енгізу. 2021 жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңін іске қосуды ескере отырып, біз келесі тетікті ұсынамыз. Бастапқы кіріс декларациясында мемлекеттік қызметші өзінің барлық активтерін тіркейді. Егер кезекті декларацияны тапсыру кезінде оның негіздей алмайтын табысының едәуір өсуі анықталса, оған мемлекеттік қызметтен босату және негізсіз асып кеткен соманы тәркілеу шарасы қолданылады.

Дамыған елдерде қолданылатын кәсіби сатылмаушылыққа тексеру институтын енгізу біршама алдын алу әсерін беретін болады.

Сондай-ақ, күн тәртібінде мемлекеттік қызметші емес, бірақ жариялық міндеттерді орындайтын тұлғаларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қолдану мәселесі де бар. Яғни, біз пара алғаны үшін коммерциялық банктердің топ-менеджерлерін, табиғи монополиялар субъектілерінің басшыларын, жеке сот орындаушыларын және жария қызметшілердің басқа санаттарын мемлекеттік қызметшілер сынды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынамыз. Бұл тәжірибе бүкіл әлемде кең таралған.

Бүгінгі таңда қоғамның сыбайлас жемқорлықты барынша азайтуға деген талпынысы бұрынғыдан да зор. Сондықтан жемқорлыққа қарсы кешенді реформалардың өзектілігін асыра бағалау мүмкін емес. Елбасы мен Мемлекет басшысының толық қолдауына ие бола отырып, біз алдымызға Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ең пәрменді құралдарды енгізу мақсатын қоямыз", - деп сөзін түйіндеді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары