04.09.2020, 18:00

Алматыда карантин режимі қайта күшейтіледі

Фото: sputniknews.kz
Сондай-ақ, қалада демалыс күндері қоғамдық көлік пен метро жүрмейді.

Алматы қаласында демалыс күндері қоғамдық көлік жұмысы тоқтайды, сауда үйлері мен сауда ойын-сауық орталықтары жабық болады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұл жайында қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің №59 қаулысында айтылды. Қаулыда Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндері бірқатар шектеу шаралары енгізілетіні көрсетілген.

5-6 қыркүйекте жұмысы тоқтайтын нысандар:

сауда ойын-сауық орталықтары (ішіндегі азық-түлік супермаркеті мен дәріханалар жұмыс істейді), сауда үйлері, сауда желілері; азық-түлік сатпайтын және азық-түлік сататын жабық базарлар; сұлулық салондары, шаштараз, СПА орталықтар және косметологиялық қызмет көрсететін нысандар; фитнес-орталықтар мен спорт сауықтыру орталықтары, бассейн, жаттығу залдары және спорт кешендері; сауналар; ашық ауадағы аттракциондар.

Сондай-ақ, қалада демалыс күндері қоғамдық көлік пен метро жүрмейді.

Бұған дейін қаланың бас санитар дәрігері жұқпалы аурудың қоғамдық көлік арқылы көп тарайтынын айтты. Сонымен қатар Алматы – Ұзынағаш, Алматы – Қаскелең бағытындағы электр  пойыздары демалысқа қарамай қатынайтынын айтқан болатын.

Алматыда қоғамдық көлік 7 қыркүйек сағат 6.00-де қайта жүреді.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда 6 қыркүйекте қоғамдық көлік тоқтайды. Ол күні автобустар мен автопарктерде дезинфекция жұмыстары жүргізіледі.