ZOOM конференциясынан тағы да шу шықты. Бұл жолы Ақтөбедегі нөмірі 17 мектеп-гимназияның 6-сынып оқушыларына онлайн сабақ үстінде белгісіз біреу анайы сөздер жазған. Мұны көрген ата-аналар келеңсіздікті әлеуметтік желіде жариялап, білім платформасының қолайсыздығын жіпке тізді, деп хабарлады "Астана" арнасы.
Қазір полиция онлайн сабаққа қатысты тексерісті бастап кетті. Жаға ұстатарлық жағдай нөмірі 17 мектеп-гимназиясында болған. 6 "Ж" сыныбы онлайн математика сабағын өтіп жатқанда, белгісіз біреу оқушылардың атымен кіріп, кедергі келтірген. Тіпті ойына келгенін жазған соң, мұғалім сабақты дереу тоқтатыпты. Ата-аналар да бұған көз жұма қарай алмады. Олар балалардың психикасы бұзыла ма деп қауіптенеді.
"ZOOM-мен жұмыс істеу өте қиын. Балаға ауыр. Мұғалімді естімей қалады. Біресе өзінен өзі тоқтап қалады. Бала қиналады. Кеше мынадай жағдай болды. Балалар осындай балағат, анайы сөздерді оқиды. Ол деген баланың жүйкесіне әсер етеді", - дейді Ирина Ченцова.
"Өткен аптада сабақ кезінде қазақстандық әртіс шығып кетті. Өзінен-өзі сабаққа кедергі келтірді. Сосын мұғалім өшіріп тастады. Бұл бірінші жағдай емес. Негізі мектепте білім алғанға жетпейді", - дейді тағы бір ата-ана Адина Өтегенова.
Мектеп басшылығы пән мұғалімінен түсініктеме алған. Айтуларынша білім платформасын 30 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз дұрыс қолданбаған. Ол онлайн сабақты ашық қалдырған, осы кезде сабаққа бөтен адам кіруге мүмкіндік алған деп отыр.
"Сабақ беретін зейнеткер мұғалім. Горбачева Ирина Федоровна ZOOM-да конференция өткізгенде ашық түрінде қалдырған ғой. Үлкен апай болған соң қалай жабу керектігін білмеген. Бірнеше рет кедергі келтірген, бірінші Нұртас-2 деп кірген. Екінші рет Бекназар-2 деп кірген", - деп түсіндірді Ақтөбе қаласы №17 мектеп-гимназиясының директоры Амангелді Оңғарбаев.
Дегенмен сабақтағы келеңсіздікке 30 оқушы куә болды. Олардың ата-аналары бұған бей-жай қарай алмай, анайы хабарламаларды көшіріп, әлеуметтік желіде жариялады. Осылайшы білімге жауаптылардан араша сұрайды. Облыстың атқамінерлері болса, сабақ үстінде балағат, әрі анайы жазбалар қалдырған белгісіз жан оқушы емес дейді.
"Сабақ барысында балаға балағат сөздерді айтқан оқушы емес екендігі анықталды. Бір баланың атымен кірген", - деп атап өтті Ақтөбе облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлнәз Мырзағалиева.
Оның кім екенін енді полиция анықтамақ. Ал оған қандай жаза қолданылатынын тәртіп сақшылары айтуға құлықсыз.
Ал басы дауға қалған педогог ескерту алыпты. Оқушылар мен ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілген.