$ 494.87  520.65  4.91

Заңға бағынбаған шетелдіктер енді қамауға алынады

Ресми мәліметке сәйкес, 2018 жылдан биылғы жылдың қыркүйегіне дейін 25,5 мың шетел азаматы Қазақстаннан шығарылды.
Фото: sputniknews.kz
Фото: sputniknews.kz

Парламент мәжілісінің депутаттары сот үкіміне бағынбайтын шетелдіктерді қамауға алу бастамасын қолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Депутат Василий Олейниктің айтуынша, қазіргі заңнамада Қазақстан аумағынан шығару кезінде шетелдіктерді қамауға алу мерзімі реттелмеген. Соның салдарынан тәртіп бұзған шетел азаматтарына қатысты сот үкімі шықса да, олар заңға бағынбай, ел аумағынан шықпай жүре береді. Тіпті, қылмыстық әрекеттер де жасайды.

Ресми мәліметке сәйкес, 2018 жылдан биылғы жылдың қыркүйегіне дейін 25,5 мың шетел азаматы Қазақстаннан шығарылды. Олардың 2,5 мыңы сот үкімін орындаған жоқ.

"Осы адамдардың арасында әкімшілік және қылмыстық тәртіп бұзушылық жасағандар да бар. Қазіргі кезде 1 300-ден астам шетелдік түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жүр. Пробациялық бақылауда жүргендер бар. Олар да Қазақстан аумағынан шығарылуы тиіс", - дейді Олейник.   

Оның сөзіне қарағанда, бір топ депутаттың бастамасымен бірқатар заңға өзгеріс енгізіліп отыр. Оған сәйкес, Қазақстан аумағынан шықпаған шетелдіктер 30 күнге дейін арнайы мекемеге қамалады. Осы уақыттың ішінде сот үкімі орындалады. Ал тәртіп бұзған адамды елден шығару үшін біраз шаруа атқару қажет.

Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчидидің айтуынша, Қазақстаннан шығарып жіберу шарасы кезінде көбінесе шетелдіктің жеке құжаттарын жасауға уақыт кетеді. Ол үшін сыртқы министрлігі арқылы тиісті елшілікпен хабарласу керек. Одан кейін арнайы куәлік алу қажет.

"Содан соң виза мен жол жүру билеттерін рәсімдеу керек. Оған қоса тәртіп бұзған шетелдікті Қазақстан арқылы тасымалдау шаралары бар. Біз бәрін есептеп шықтық. 30 күннің ішінде кез келген елдің азаматын Қазақстан аумағынан шығара аламыз", - дейді Калайчиди. 

Мәжіліс депутаттары тиісті заң жобасын бірінші оқылымда бірауыздан мақұлдады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары