Белгілі кәсіпкер, қоғам белсендісі Марғұлан Сейсембай оқушылардың қашықтан білім алу мәселесін қайта пысықтау қажеттілігі туралы бастама көтерді. Оның айтуынша, қашықтан оқыту баланың қабілетін толықтай аша алмайды.
Соңғы ай бойы бәрімізді толғандыратын бір өзекті сұрақ бар: балалардың қашықтан оқуын жалғастыру қажет пе?
Өз пікірімді айтар болсам, төменгі сыныптарға (5-сыныпқа дейін) қашықтан оқыту мүлдем тиімсіз. Бұл арада оқыту үдерісінде мұғалімнің рөлі шамамен 70%, ата-ана рөлі 20% және сыныптастардың рөлі қалған 10%-ды құрайды. Бұл жастағы бала әлі өзін, өз мүкіндіктерін және әлемді тани алмайды, танып үлгермеді де.
Орта буын сыныптары (5-8), мұғалімнің рөлі шамамен 50%, сыныптастар рөлі 20%, ата-ана рөлі 15% және өз бетімен дайындалу 15%. Сондықтан, бұл жаста күндізгі оқу мен қашықтан оқытудың арақатынасы шамамен 70% күндізгі және 30% қашықтан болуы тиіс.
Жоғары сыныптарда (9-11), мұғалім рөлі 20%-ға дейін, сыныптастар рөлі 30%-ға дейін өседі, өз бетімен дайындалу 40%, ал ата-ана рөлі максимум 10%-ға дейін төмендейді. Сондықтан, бұл жаста қашықтан оқытудың үлесін 50%-дан 75%-ға дейін арттыруға болады.
Мұның бәрі, әрине, шартты көрсеткіштер. Бірақ, бұл өз тәжірибемнен жобалап алынған қорытындым », - деп жазады өзінің facebook парақшасында.
Оның ойынша, оқушыларға ұжымнан тыс үйрету мүмкін емес дүниелер бар. Үйден білім алу бұған мүмкіндік бермейді.
«Тағы бір ескеретін жайт – мектеп тек пәндерді оқытып қана қоймайды, ол әлеуметтік қабілеттерге үйретеді. Ал бұл қабілеттерді ұжымнан тыс балаға қалай үйретуге болады?
Қорыта келе айтарым, қазіргі таңда білім беру жүйесі қирап жатыр. Бұл Covid-пен ауырып шығудан да қатерлі (білуімізше, балалар covid19-ды жеңіл өткереді).
Оның үстіне, қашықтан оқытуға бейімделген инфрақұрылым, әдіснама және материалдық базаның дайын еместігін ескерсек – білім беру саласындағы апаттың ауқымы түсінікті», - деп ойын білдірген.