Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры Алматы қаласы және Алматы облысының білім басқармаларымен мектеп оқушылары бар аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға 1000 ноутбук беру туралы меморандумға қол қойды.
«Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының басым бағыттарының бірі - әлеуметтік және білім беру жобалары. Сол себепті қор алғашқылардың қатарында мұқтаж оқушыларға көмек көрсетіп, тегін ноутбук алып берді.
Қашықтан оқыту жағдайында мұндай сыйлықтар балалар үшін өте пайдалы. Барлық ноутбук бейнекамералармен жабдықталған, бұл оқушылардың zoom-конференцияларға оңай қосылуына мүмкіндік береді.
«Қазір ел өте қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Біз жаңа талаптарға сай өмір сүруді үйренуіміз керек. Ең бастысы, бір-бірімізге қол ұшын созу. Жақында Үкімет қашықтан оқу үшін ноутбуктері жоқ барлық оқушыны оқу жылы басталғанға дейін қажет техникамен қамтамасыз ету керек деген тапсырма берді. Біз өз тарапымыздан екі өңірдің балаларына көмек көрсетуді ұйғардық. Балаларға жаңа оқу жылында табыс тілейміз!», – деді Қор басшысы Қасым Қасабеков.
Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева өз кезегінде Қор өкілдеріне аз қамтылған отбасы балаларына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.
«Оқушылар бірінші тоқсанда қашықтан оқиды. Біз «Салиқалы ұрпақ» қорынан алынған барлық ноутбукті мұқтаж отбасыларға тізім бойынша береміз», – деді ол.
«Салиқалы ұрпақ» қайырымдылық қорына балаларымызды ноутбукпен қамтамасыз етуге көмектескені үшін үлкен алғысымызды білдіреміз», – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли.
«Демеушілік көрсетіп жатқан "Салиқалы ұрпақ" қоғамдық қорына оқушылардың атынан, халықтың атынан шексіз алғыс айтамыз», - деді Алматы облысы білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова.
«Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры өз қызметін 2016 жылдың сәуір айында бастады. Қор бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді: аз қамтылған отбасылардан шыққан жетім балаларды күтіп-бағу және тәрбиелеу, аз қамтылған отбасыларға азық-түлікпен көмек көрсету; мұқтаж жандарды емдеуге қаражат бөлу; оқу ақысын төлеу; мемлекеттік тілді, ұлттық дәстүрлерді дамыту, мешіттер салу, түрлі деңгейдегі спорттық іс-шаралар өткізу.
Еске сала кетейік, бұған дейін қор коронавирус індетіне қарсы күреске 150 миллион теңге бөлді. Сонымен қатар, «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры су тасқынынан зардап шеккен Мақтарал тұрғындарына 20 тонна азық-түлік жеткізіп, 20 үй салып берді.