13.08.2020, 16:10

Нұр-Сұлтанда жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы жалғасады

Фото: astana.gov.kz
Жастарды жалдамалы пәтермен қамтамасыз ету бағдарламасының алғашқы кезеңі қанатқақты жоба ретінде 2021 жылға дейін жүзеге асырылады.

Нұр-Сұлтанда жұмыс  істейтін жастар үшін жалдамалы тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру жалғасады. Бұл туралы бірқатар қолжетімді әлеуметтік тұрғын үй құрылысының барысымен танысып қайцтқан қала әкімі Алтай Көлгіновтің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Sn.kz.

Естеріңізде болса, Елбасының тапсырмасына сәйкес жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы былтыр іске қосылған. 

«Биыл бұл жұмыстар жалғастырамыз. Оған қатысу үшін құжаттарды жинаудың басталғаны туралы қосымша хабарлаймыз. Бүгін таңертеңгілік аралау кезінде бірқатар қолжетімді әлеуметтік тұрғын үй құрылысының барысымен, оның ішінде келесі жылдарға арналған құрылыс барысымен таныстым. Әлеуметтік тұрғын үйді кезектетұрғандар (халықтың әлеуметтік әлсіз топтары), тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары ала алады. "Қазақстандық ипотекалық компаниямен" бірлесе іске асырып жатқан әлеуметтік пәтер алушылар санатын көбейттік. Қолжетімді баспанаға дәрігерлер, мұғалімдерден басқа әлеуметтік қызметкерлер, полицейлер, мәдениетқайраткерлері мен спортшыларүміткер бола алады», - деп жазды Алтай Көлгінов.

Қала әкімінің айтуынша, биыл Президенттің тапсырмасына сәйкес қолжетімді тұрғын үй көлемі үш есе артқан.  Жастарғат арналған тұрғын үй бойында 12 мың теңгелік 3 мыңнан астам жалдамалы пәтер жастарға беріледі.  Тәуелсіздік күнінде 29 жасқа толмаған, жұмыс істейтін, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында тұратын Қазақстан азаматтарына сатып алу құқығынсыз 5 жылға жалдамалы пәтер беріледі. Ауданы 40 шаршы метрге дейінгі пәтерлердің жалдау құны коммуналдық төлемдерді қоспағанда 10-12 мың теңгеден аспайды. Жалдамалы пәтерге қол жеткізгісі келген жастардың айлық табысы 101 мың теңгеден кем болмауға тиіс. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахметтің мәлімдеуінше, жалдамалы пәтерде тұратын жастар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» есепшот ашып, 5 жыл ақша жинауға міндеттеледі. Кейін олар жиналған қаражатқа үй сатып алады. 

Жалдамалы пәтерді алу үшін үміткердің атына тіркелген жылжымайтын мүлік болмауға тиіс. Сонымен қатар, үміткер өтінішпен бірге жеке куәлігінің көшірмесін, дипломын, неке куәлігін (егер бар болса), балаларының туу туралы куәлігін (болған жағдайда) тапсыруға тиіс. Бұған қоса өзінің, отбасы мүшелерінің атында жылжымайтын мүлік тіркелмегенін растайтын анықтама, жұмыс орнынан анықтама, соңғы 6 айдағы кірісі көрсетілген анықтама, еңбек өтілі туралы құжат, банктегі шотын, шоттағы ақша қалдығы туралы есеп және бар болса жеке жетістіктері туралы құжат өткізуге тиіс. 

Межелі мерзімге дейін жыл сайын жоғарыда көрсетілген 3 қалада шамамен 3 мың жалдамалы пәтер пайдалануға беріледі. Осылайша 9 мың адам жалдамалы пәтерге қол жеткізеді. Атап көрсетерлігі, жастар жалдамалы пәтерді 5 жылдан кейін босатуға тиіс. Осы уақыт аралығында оларға үй сатып алуға ақша жинап үлгеру қажет. Биыл тәуелсіздік күнінде Нұр-Сұлтанда – 1050, Алматыда - 1050, Шымкенте - 904 жалдамалы пәтер тапсырылады.  Айта кетейік, елімізде 29 жасқа толмаған 4 миллионға жуық жас бар. Олардың 245 мыңы -  Нұр-Сұлтанда, 700 мыңы - Алматыда, 260 мыңға жуығы – Шымкент шаһарында тұрады. Міне, осылардың барлығы жалдамалы пәтерден үмітті жан саналады.

Жастарды жалдамалы пәтермен қамтамасыз ету бағдарламасының алғашқы кезеңі қанатқақты жоба ретінде 2021 жылға дейін жүзеге асырылады. Барлығы ойдағыдай болса, ары қарай жалғастырылып, өңірлерді қамтиды.