14.09.2020, 12:40

ҰҚК Қазақстанның бірнеше қаласынан қылмыстық топ жетекшілерін ұстады

Олардың біреуі Ресей Федерациясында бандитизм мен адам өлтіргені үшін халықаралық іздестіруде болатын.

2020 жылғы 11 қыркүйекте ҚР ҰҚК ІІМ-мен бірлесіп, «А» және «Бүркіт» арнайы бөлімшелерін тарта отырып, астаналық өңірде қорқытып алумен, рейдерлікпен және қару саудасымен айналысқан «Әлібековтер», «Ибрагимовтер» және «Махмудовтар» ҰҚТ-ларының бір мезгілде аса қауіпті әрекетінің жолын кесуді жүргізді. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы ҰҚК-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Қостанай қалаларындағы арнайы операция шеңберінде көрсетілген топтардың 15 жетекшісі мен белсенді мүшелері ұсталды, олардың біреуі Ресей Федерациясында бандитизм мен адам өлтіргені үшін халықаралық іздестіруде болатын. Атыс қаруының, оқ-дәрілер мен гранаталардың арсеналы алынды.

Ұсталғандар Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалып, қолда бар дәлелдемелерді бекіту және қылмыстық әрекеттің өзге де эпизодтарын анықтау бойынша тергеу іс-шаралары жүргізілуде.

Карантиндік шектеулер жағдайында қылмыстық топтар өздерінің қылмыстық белсенділігін төмендетпей, экономикалық қиындыққа тап болған кәсіпкерлерден қорқытып алумен және рейдерлікпен айналысуды жалғастырған.

Бөтеннің мүлкін алып қою бойынша қылмыстардағы дөрекілік пен қатыгездік көбінесе атыс қаруы мен дене күшін қолданумен ілесіп отырған.

Осы жағдайларда ел басшылығы құзыретті органдар үшін бейбіт азаматтарға бандиттік элементтер тарапынан қауіп-қатерлерді жою, қоғамның 90-шы жылдардағы «рэкетирлікке» қарай құлдырауына жол бермеу бойынша міндеттерді басымдылықтар қатарына қойып отыр. 

Арнаулы қызметтер мен полицияның қылмыстық топтардың жоспарлары мен ниеттерін анықтау және оның жолын кесу бойынша жүйелі жұмысы жалғасуда.