$ 443.35  475.54  4.82

Маңғыстауда туған күн өткізген әкімдік қызметкерлері жазаланды

Бұған дейін мемлекеттік мекеме жетекшісінің қатысуымен өтіп жатқан мерекелік шарадан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тараған болатын.

Маңғыстау облысы әкімдігінің басқарма басшысына сөгіс жарияланып, карантин тәртібін бұзғаны үшін айыппұл салынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі желіде тараған видеоны экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы ұжымының табиғат аясына шыққан сәтінде түсірілген деп түсіндірді. Ал бұл шара басқарма басшысы Марина Әлібекованың туған күніне сәйкес келген.

"Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы қызметкерлерінің өтініші бойынша 25 адамнан тұратын топ 13 қыркүйек, жексенбі күні аймақтың көрікті жерлерінің біріне саяхатқа шыққан", – деп жазады жергілікті Lada.kz басылымы.
Ақтау қаласындағы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары әлеуметтік желілерде жарияланған бейнематериал негізінде Әлібекованы карантинді бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Шенеунікке 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (83 340 теңге) айыппұл салынды. Ол айыппұлды дереу төлегендіктен (заң бойынша жеті күн ішінде) айыппұл көлемі 15 АЕК-ті құрады.

"Ал Маңғыстау облысы әкімінің өкімімен облыстың экономика және қаржы-бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Марина Әлібековаға сөгіс жарияланды", – деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирустық пандемияға байланысты көпшілік іс-шаралар, оның ішінде отбасылық мерекелерді өткізуге салынған тыйым әлі де заңды күшке ие.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары