Елордалық полицейлер қарақшылық шабуыл жасағаны үшін үш жігітті ұстады. Олардың бірі пластиктен жасалған затты тапанша ретінде пайдаланған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Астана қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеше, 14 қыркүйекте, сағат 20:20-да қара бетперде киген белгісіз ер адам Қордай көшесіндегі көкөніс сататын дүкеннің сатушысына шабуыл жасағаны туралы хабар түскен. Пышақпен және тапаншаға ұқсас затпен қорқытып, ол 200 мың теңге көлеміндегі қаражатты иемденіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Полиция "Ұстау" жоспарын жариялады. Республика даңғылы мен Иманов көшесінің қиылысында полиция күдіктілер отырған көлікті ұстады.
"Күдікті қылмыс жасағаннан кейін Енесай көшесіне қарай беттеп, сол жерден белгісіз маркалы, қою қара түсті көлікке отырғаны анықталды. Полицейлер күдікті, жүргізуші және сыбайласы болған Hyundai Accent автокөлігін тапты.
Тінту кезінде полицейлер қара маска түріндегі бас киімді, ақшаны, дауыс бәсеңдететін тапаншаға ұқсайтын пластмасса затты тәркіледі.
Тергеу барысында 26 жастағы жігіттің азық-түлік дүкеніне қарақшылық шабуыл жасауды алдын-ала жоспарлағаны анықталды. Жеке жүргізуші ретінде ол өзінің 25 жастағы танысын жалдаған, үшінші 29 жастағы сыбайласы Республика - Сейфуллин даңғылдары маңында қылмыскерлерге қосылған", - делінген хабарламада.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ұсталғандардың барлығы елордаға әр облыстан келген. Олардың біреуі бұрын ұрлық үшін сотталған. Бұл факт бойынша Қылмыстық кодекстің 192-бабы ("Қарақшылық") бойынша қылмыстық іс қозғалды.