Нұр-Сұлтанда тұрғын үй сертификатын алатын адамдар санаты кеңейтілмек, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Алтай Көлгіновтің Instagram парақшасына сілтеме жасап.
"Елордада тұрғын үй сертификатын алатын адамдардың санатын кеңейтеміз. Бұрын тізімде толық емес, көпбалалы, мүгедек бала бағып отырған отбасылар болса, қазір тізімге халықтың әлеуметтік аз қамтылған санаттарының бәрін қосамыз. Оның ішінде жетім балалар да қамтылады.
Азаматтарды қабылдау кезінде жиі көтерілетін мәселенің бірі – баспана. Пәтер алу жолдарын қарастыруды өтінген асыраушысы жоқ балалармен бірнеше рет кездестім. Санатты кеңейту құжатының жоспарын мәслихаттың алдағы сессиясына қарауға береміз. Құқықтық-нормативтік процедуралар аяқталған соң, сертфикат алушылар санатының жаңа тізімін бекітеміз. Тұрғын үй сертфикатының мөлшері – 1 млн теңге. Оларды «Шаңырақ» (5-10-20) жобасына қолдануға да болады.
Осылайша, ертеректе бекітілген тізімге енді: жетім балалар; I және II топ мүгедектері; зейнеткерлер; ҰОС ардагерлері және соларға теңестірілгендер; мемлекеттік, қоғамдық немесе әскери тапсырма орындау кезінде қаза болғандардың отбасылары қосылады. Сонымен бірге экологиялық апат кезінде, табиғи немесе техногендік ТЖ кезінде баспанасынан айырылғандар; бөтен елдердің аумағында ұрысқа қатысқандар; «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері немесе ертеде «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар; I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталғандар; көпбалалы отбасылар және т.б. кіреді.
Мемлекет Басшысының тапсырмасымен биыл қолжетімді баспана құрылысын үш есеге ұлғайттық", - деп жазды, - елорда әкімі.
Бұған қоса, Қазақстан ипотекалық компаниясымен бірлесіп, әлеуметтік пәтер алатындардың санатын да кеңейттік. Биыл 1 мың пәтерді дәрігерлер мен мұғалімдерден басқа - әлеуметтік қызметкерлер, полиция, мәдениет және спорт қайраткерлері де ала алады.