18.09.2020, 20:30

Елорда маңындағы елді мекендерде жайылым жерлер жетіспей жатыр

фото: informburo.kz
«Елордадан небәрі 30 шақырым жердегі ауылдың тұрғындары малдарын жая алмай отыр. Ел астанасының іргесіндегі елді мекеннің жұрты орта ғасырда өмір сүріп жатқандай», - деді Ерлан Бекхожин.

Қызметте жемқорлыққа жол берген соң екінші жұмысқа ауысып, құтылып кетіп жатқандар бар. Енді жалтарғандарды жауапқа тарту үшін тиісті заңға толықтырулар енгізілуі мүмкін. Бүгін осындай ұсыныс айтылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

«Nur Otan» партиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысында елорда іргесіндегі саяжайлардың жайы да сөз болды. Көп асаймын деп, танауын тасқа ұрған соң екінші қызметке оп-оңай ауысып кеткендер аз емес. Қоғамдық кеңес төрағасы осыны айтты. Айтты да мысалын келтірді.

«Есіл» дегеннің төңірегінде 425 миллионның қаражатын жоғалтып қала жаздап, әлде де соның мүлкін толық қайтармай, ал сол кемшіліктерге жол берген басшылардың біреуі де жаза тартылмай кеткен. Ол неге басқа жұмысқа ауысып кетті? Сыбайлаас жемқорлыққа қарсы агенттікке бір ұсыныс енгізсек деймін, басқа жұмысқа ауысқан адамдарды жауапқа тартатындай заңға өзгерістер енгізсек», - деді «Nur Otan» партиясының жанындағы республикалық СЖҚІҚ жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Омархан Өксікбаев.

Елорда іргесінде саяжайлардың саны өсіп жатыр. Жұрт жаппай сол жаққа көшуде. «Мұндай аумаққа жеке үй салуға болмаса, жер неге берілген? Әлгі учаскелер сонда парақорлықпен алынды ма?» деген сұрақ туындайды. Бұл сауалды да кеңес төрағасы бүгін Ақмола облысы әкімінің орынбасарына төтесінен қойды.

«Кеше сіз де осы төңіректегі ауданның бірін басқардыңыз. Сол ауданыңыздың ішінде бірнеше саяжай қазір ауыл болып кетіп, үлкен проблема жасалып жатыр. Біздің атқарушы билік ұйықтап отырады. Ал енді осының бәрін сіздер қазір бос жібердіңіздер. Енді біздің мынау депутаттарға да арыздар келіп отырады», - деді Омархан Өксікбаев.

Ал Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев ол проблемалардың кооперативтер «біз сол жерге су, электр тартамыз» деп алып, сосын оны басқа біреуге сатып кетуі салдарынан туындап жатқанын меңзеді.

Осы орайда, «Хабар» агенттігінің төрағасы, осы қоғамдық кеңестің мүшесі Ерлан Бекхожин бұған дейін дау болған Софиевка ауылының мәселесін көтерді. Бас қала төңірегіндегі бұл елді мекенде бүгінде мал жаю мұң. Жұрттың айтуынша, жайылым жеке тұрғын үй салуға сатылып кеткен.

«Хабар 24» телеарнасында Софиевка ауылындағы ағайынның проблемасы көрсетілді. Елордадан небәрі 30 шақырым жердегі ауылдың тұрғындары малдарын жая алмай отыр. Ел астанасының іргесіндегі елді мекеннің жұрты орта ғасырда өмір сүріп жатқандай. Осыған жауап берсеңіз деймін. Одан соң сол Софиевкада су тартатын мұнара да құлатылған. Жарамды күйде тұрса да. Осыған қандай пікір білдіресіз? Себебі, бұл мәселені «Хабар 24» бірнеше рет көрсетті», - деді Ерлан Бекхожин.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары ондай проблема бар екенін жоққа шығармады.

«35 мың гектар жер жеке иелікте. Софиевкада «Ак Дэн» аталатын серіктестік орналасқан. Олардың қарамағында 30 гектардай жер бар. Серіктестік басшысы тұрғындармен келісімге отырды. Сол арқылы ауылдағылар әлгі жерге малдарын жая алады. Біз аталған серіктестіктің өкілдерімен сөйлестік, «тұрғындардың түліктерін жаюға мүмкіндік жасалсын» дедік. Ал мұнараға тоқталсам, ол – Кеңес дәуірінен қалған жүйе. Қазір су скважинадан алынады. Ол мұнара керек емес. Жалпы, бұл мәселені тағы да анықтап, жауап беретін боламын», - деді Малғаждар Тәткеев.