$ 444.32  473.33  4.76

«Бұл ұят қой!»: Алматыда спортшының өрттен 6 баланы құтқарғаны күмән тудырды

«Ал еліміздегі құзырлы органдар жай ғана блогердің ақпаратына сеніп, марапатты жаудырып жатыр. Ақпараттың рас-өтірігін тексермеген», - дейді әнші.

Ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионы Дәурен Рымқұловтың Алматыдағы өрттен 6 адамды аман алып шыққаны отандық БАҚ беттерінде жарияланған болатын. Кейін Дәуреннің бұл ерлігін елеусіз қалдырмаған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бұрынғы спортшыны «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапаттады. Алайда, бұл оқиғаның көпшілік білмейтін тұстары табылды. «Калия» атымен танылған әнші Ақмаржан Көшербаева Дәурен Рымқұловтың 6 адамды құтқарғаны шындыққа жанаспайтынын айтады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

«Мен осындай еріктілер жайлы бағдарлама түсірушілермен бірге Дәурен Рымқұловтың ерлігіне тоқталдым. Шынында, бейбіт күннің батырлары бізге керек-ақ. 6 адамды өрттен құтқару оңай емес. Сондықтан Дәурен туралы сюжет жасамақшы болдық. Алайда, зерттеу барысында Дәуреннің 6 адамды құтқарғаны көңілге қонымсыз екенін байқадым.

Оқиғаға қатысты пікір айтқан өрт болған үйдің тұрғындары құтқаруға жалғыз Рымқұловтың қатыспағанын айтады. Дәурен сол үйде тұратын өзінің немере қарындасын алып шыққан. Ал қалған 5 адамды өрттен құтқаруға сол үйде тұратын және аулада жүрген өзге азаматтар да атсалысқан», - дейді «Калия».

Содан соң, Ақмаржан Дәурен Рымқұловтың ерлігі жайлы алғаш ақпарат таратқан блогер Александр Цойға хабарласқан. Алайда, блогер өз қателігін мойындаудың орнына, әншімен сөз таластыра бастаған.

«Дәуреннің «ерлігі» туралы ең бірінші жазған – Александр Цой есімді танымал блогер. Мен оған хабарласқанымда, қателігін мойындаудан бас тартты. Бір қызығы, Дәурен қасындағы адамдардың ерлігін айтпай, бір өзі барлық марапат мен медальдарды алып алған. Бұл ұят қой!

Осы өрттен бірнеше адамды құтқарып алғандар өздері туралы айтудан бас тартып отыр. Бұлар мұны кез келген адам істейтін қадам деп есептейді. Өздерін жариялауға, жарнамалауға қарсы. Ал еліміздегі құзырлы органдар жай ғана блогердің ақпаратына сеніп, марапатты жаудырып жатыр. Ақпараттың рас-өтірігін тексермеген.

Біз өрт кезіндегі видеоны көрген соң да Дәуреннің тек өз қарындасын алып шыққанына көз жеткіздік. Өкінішке қарай, мұндай бассыздықтар бізде болып тұрады», - дейді әнші.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары