21.09.2020, 18:20

Айзат Молдағасымова бұйрықпен жұмыстан шығарылды

Осы жылдың 14 қыркүйегінде Еңбек кодексіне сәйкес сынақ мерзімі кезінде жұмыстың теріс нәтижесіне байланысты онымен еңбек шарты бұзылды.

Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ұлттық орталығының басшысы Айзат Молдағасымова сынақ мерзімінен өте алмауына байланысты қызметінен босатылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"2020 жылдың 3 маусымында Айзат Молдағасымова Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ұлттық орталығының директоры қызметіне тағайындалған еді. 1 шілдеден қыркүйектің ортасына дейін Айзат Молдағасымова үш айға жуық еңбекке уақытша жарамсыз болып саналды.

Осы жылдың 14 қыркүйегінде Еңбек кодексіне сәйкес сынақ мерзімі кезінде жұмыстың теріс нәтижесіне байланысты онымен еңбек шарты бұзылды. Ол сынақ мерзімінен өтпеді. Осыған байланысты ол 14 қыркүйектегі бұйрықпен жұмыстан шығарылды", - делінген Денсаулық сақтау министрлігі Tengrinews.kz тілшісіне.

Айта кетейік, осыған дейін Айзат Молдағасымова Алматы қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы қызметін атқарған еді.