Цифрлы технологиялар қарыштап дамып жатқан қоғамда кітап оқу дағдысының кенжелеп бара жатқаны анық. Алайда, смартфондар кітапты ешқашан басып оза алмайды. Өйткені, кітап – баға жетпес білімнің қайнары. Осы орайда Қызылорда облысы, Жалағаш аудандық балалар кітапханасының қызметкерлері «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында биыл жаппай халықтық оқуға ұсынылған «Абай жолы» роман-эпопеясы туралы кітапхананың Facebook парақшасында қызықты әдеби контент жариялады.
«Абай жолы – Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі тарихи романдар топтамасы. Қазақтың бас ақыны, ағартушысы ұлы Абайдың 175 жылдығы аясында әрбір қазақ баласы «Абай жолы» романын оқуы тиіс», - дейді кітапханашылар.
«Абай жолы» – қазақтың тұңғыш эпопеясы. «Абай жолы» арқылы қазіргі қазақ прозасы күллі дүние жүзі әдеби классикасының шырқау шыңына шықты. М.Әуезов «Абай жолы» эпопеясы арқылы әлемге қазақ халқын танытты. Эпопеядағы басты мақсат – өткен ғасырлардағы қайталанбас көшпелі қазақ тұрмысын, халықтың басынан өткерген тарихи оқиғаларының энциклопедиялық болмысын, ақынның, өнер адамының шығармашылық өмір жолын суреттеу», - делінген жазбада.
Сондай-ақ, әдеби контентте «Абай жолы» туындысы туралы шетел жазушыларының пікірлері де берілген.
«Абай» сынды шығарма бұл тұсқа дейін қазақ әдебиетінде болған емес. Әлемнің басқа елдерінен онымен тең түсетін шығарма табу қиын. Бұл менің ойымша, ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» - деген француз жазушысы Луи Арагон. Сонымен қатар, «Қазақ неткен ғажап халық!» - деп тамсана пікір білдірген камерун жазушысы Бенжамен Матиптің сөздері де бар.
«Абай жолы» эпопеясының бас кейіпкері – Абай. Абай (Ибраһим) Құнанбаев – ақын, ағартушы, жазба әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, реформатор.
Эпопеяның «Абай» атанған алғашқы екі кітабына 1949 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілген. Ал, «Абай жолының» тұтас төрт томына 1959 жылы Лениндік сыйлық берілді.