28.09.2020, 13:00

Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласына келді

Фото: "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының мұрағатынан
Сапар барысында қаланың бірқатар жаңа нысандарын аралау жоспарланып отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласына барды. Бұл туралы тұңғыш президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай хабарлады.

"Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласына келді. Қазақстанның тұңғыш президентінің тарихи шешімі шежірелі шаһардың дамуына тың серпін берді. Сапар барысында қаланың бірқатар жаңа нысандарын аралау жоспарланып отыр", - деп хабарлады Үкібай Twitter парақшасында.

Айта кетейік, 2018 жылы Түркістан қаласы Түркістан облысының (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы) орталығы болып бекітілді.

"Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болды. Бұл әкімшілік бірлік еліміздің он жетінші аймағы атанды. Ал қазақ хандығы мен түркі әлемінің жүрегіне айналған Түркістан қаласы облыс орталығы болып бекітілді", - деген еді Назарбаев.

Сол уақыттан бері Түркістанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қалада бой көтеріп жатқан әуежай Гиннестің рекордтар кітабына ең жылдам салынған әуежай ретінде енуі мүмкін. Жалпы көлемі 900 гектар әуежай 2020 жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.