Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында мал бағып жүрген шопаннаң төбесінен жай түсіп қайтыс болды. Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлады деп жазады Tengrinews.kz. Аймақта осымен бірнеше күн бойы жаңбыр жауып, найзағай ойнауда.
Құтқарушылардың айтуынша, қайғылы жайт Кеңгірбай би ауылдық округіндегі Қараой қыстауында орын алған. Шопан мал бағып жүрген сәтте күн күркіреп, найзағай жиілеген екен. Төбесінен жай түскен 65 жастағы ер азамат сол жерде тілге келмей, жан тапсырған. Дәл осыған ұқсас жағдай былтыр сәуір айында орын алған дейді мамандар. Ол кезде шопан аман қалып, астындағы жылқысы өліпті.
ТЖД өкілдерінің хабарлауынша, ШҚО-да найзағай маусымы сәуір айынан басталып, қазанға дейін жалғасады екен. Құтқарушылар шопандарға найзағайдан қорғану үшін аттан түсіп, аспан ашылғанға дейін шұңқыр ішінде немесе ойлы жерде отыруға кеңес береді. Тал астына тығылуға мүлдем болмайды.