Алматыда жан түршігерлік жол апатына себепші болған BMW автокөлігінің жүргізушісі Санат Жанатбековке сот үкімі шықты деп хабарлайды Tengrinews.kz. Аталған оқиға салдарынан екі адам қайтыс болған еді. Жанатбековтің өзі болса ҚР ІІМ-ге қарасты Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының өкілі екенін айта кетейік.
Үкімді Жетісу аудандық сотының судьясы Елмахан Ділдабаев оқыды. Сот көлік жүргізушісін кісі өліміне кінәлі деп тауып, оны 5 жылға бас бостандығынан айырды. Айыпты жазасын қоныс колониясында өтейтін болады. Сондай-ақ, ол 7 жылға көлік жүргізу куәлігінен де айрылып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін аталған жол апатынан қаза тапқан әйелдің күйеуі Санат Жанатбековке кешірім берген болатын. Ол айыпталушының жерлеу рәсіміне кеткен шығындардың бәрін жабуға уәде бергенін айтты.
Естеріңізге салайық, жан түршігерлік жол апаты 14 сәуір күні Алматыда орын алған еді. Аса жоғары жылдамдықпен жүйіткіп келген BMW көлігінің жүргізушісі алдымен жеңіл көлікті соғып, артынша жол жиегінде тұрған екі адамды қағып кеткен болатын. Соққының қатты болғаны соншалық, жәбірленушілердің денелері бөлшектеніп кеткен. Екі азамат та оқиға орнында қайтыс болды.