$ 446.49  475.38  4.79

Праймериз: онлайн дауыс беру мерзімі 1 күнге ұзартылды

Қоғамдық қабылдаудың колл-орталықтарына 1,5 мыңнан астам қоңырау түскен. Оның ішінде 828-і дауыс беру кезіндегі техникалық қиындықтар бойынша хабарласқан.
Фото: Sputniknews.kz
Фото: Sputniknews.kz

«Nur Otan» партиясының праймеризінде дауыс беру мерзімі ұзартылды. Дауыс беру 2020 жылғы 3 қазан күнгі сағат 14.00-ге дейін өтеді деп белгіленген еді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап хабарлайды.

«2 қазан сағат 17.00-дегі жағдай бойынша, праймеризде 446 297 сайлаушы немесе жүйеде тіркелген партия мүшелерінің 57%-ті дауыс берді. Партиялықтар мен жалпы жұртшылықтың партияішілік сайлауға жоғары қызығушылығы бір мезгілдегі сайтқа жүгіну санын едәуір арттырды (100 мың және одан да көп). Соның салдарынан дауыс берудің алғашқы сағаттарында сайтқа қолжетімділік пен тіркелу бойынша уақытша қиындықтар туындай бастады. Ақпараттық жүйеге түскен техникалық жүктемелердің салдарынан партияның көптеген мүшелері дауыс бере алмады», - деп жазылған партия таратқан хабарламада. 

Қоғамдық қабылдаудың колл-орталықтарына 1,5 мыңнан астам қоңырау түскен. Оның ішінде 828-і дауыс беру кезіндегі техникалық қиындықтар бойынша хабарласқан. Сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы партияның ұйымдастыру комитеттеріне партиялықтар мен кандидаттар тарапынан дауыс беру мерзімін ұзарту туралы өтініштері келіп түсті.

«3 қазанда, сағат 08.00-ден 14.00-ге дейін сайлау учаскелері жұмыс істейді. Өз кандидатына дауыс бере алмаған азаматтар жаппай учаскелерге келу қаупі бар. Пандемия жағдайында бұл коронавирус инфекциясын жұқтыруға әкелуі мүмкін. Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, Орталық ұйымдастыру комитетінің хаттамалық шешімімен веб-сайт және мобильді қосымша арқылы онлайн дауыс беру мерзімін тура бір тәулікке, 2020 жылғы 4 қазан күнгі сағат 14.00-ге дейін ұзарту туралы шешім қабылданды», - деп жазылған ақпаратта.

Айта кету керек, үгіт-насихат жұмыстары сенбі, яғни 3 қазан күнгі 14.00-де сайлау учаскелерінің жабылуымен бір мезгілде аяқталады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары