$ 448.56  478.03  4.79

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы жағдай қалай?

Құқық қорғаушылар арнайы құрал-жабдықтарды қолданса, митингке шыққандар тас лақтырды. Таяқ пен арматура ұстағандар да көп болды.
фото: kaznovosti.kz/kk
фото: kaznovosti.kz/kk

Sputnik Қазақстан ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне хабарласып, Қырғызстанмен арадағы шекараны күзету шаралары туралы сұрады. Оның құрамына шекара қызметі кіреді. 

"Біз штаттық режимде жұмыс істеп жатырмыз. Әзірше, ешқандай өзгеріс жоқ", - деді ҰҚК баспасөз қызметкерлері.

Ал шекараны күзету шаралары күшейтілсе, алдын ала хабарлайтынын жеткізді.

Дүйсенбі, 5 қазан күні Бішкек қаласында парламенттік сайлаудың қорытындысына наразылық білдірген жүздеген адам митингке шықты. Артынан олардың саны 4-5 мыңға дейін жетті. Ал 6 қазанға қараған түні наразылық акциясы қақтығыстарға ұласты. Құқық қорғаушылар арнайы құрал-жабдықтарды қолданса, митингке шыққандар тас лақтырды. Таяқ пен арматура ұстағандар да көп болды. Олар президент аппараты мен Жогорку Кенеш отыратын "Ақ үйге" кіріп, ғимараттың астан-кестенін шығарды. Одан кейін наразылыққа шыққандардың бір бөлігі Алмазбек Атамбаевты босату үшін мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне аттанды.

Оны босатып, Ала-Тоо алаңына жеткізді. Бұдан бөлек, митингке шыққандар бұрынғы премьер-министрлер Сапар Исаков пен Жанторо Сатыбалдиевті, экс-депутаттар Садыр Жапаров пен Равшан Жээнбековті босатып алды. 

Sputnik Қырғызстанның мәліметіне сәйкес, осы уақытқа дейін денсаулық сақтау ұйымдарына 590 адам келіп, медициналық көмекке жүгінді. Олардың ішінде 439 адам алғашқы көмектен кейін үйіне жіберілді. Ал 150 адам сан алуан жарақатпен ауруханаға жатқызылды. 13-і жан сақтау бөлімінде жатыр. Бір адам қайтыс болды.

Қырғызстан үкіметі аппаратының қызметкерлері жұмысқа кіре алмай жатыр деген ақпарат бар. 

Естеріңізге сала кетейік, Қырғызстандағы парламент сайлауына 16 партия қатысқан болатын. Алдын ала қорытындыға сәйкес, олардың ішінде тек төртеуі - "Биримдик", "Мекеним Кыргызстан", "Кыргызстан" және "Бутун Кыргызстан" Жогорку кенешке өтіп тұр. Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков орталық сайлау комиссиясына тәртіпбұзушылықтарды зерделеп, дауыс беру қорытындысын жоюға дейінгі шараларды қабылдауға кеңес берді.


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары