Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков елдегі саяси жағдайға байланысты тағы да отандастарына мәлімдеме жасады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы Қырғызстан президентінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қырғызстан басшысының жолдауының мәтінін назарға ұсынамыз:
"Құрметті отандастар! Елдегі саяси ахуал күрделі деңгейге жетті. Бұл жағдайды шешу үшін келесі әрекеттерді орындауымыз керек. Жогорку Кенештің сайлау нәтижелері жойылды. Енді жаңа парламенттік сайлау тағайындалуы керек.
Бұл мәселе бойынша шешімді ОСК қабылдайды. Бұл шаралар қазіргі саяси шиеленісті жеңілдетеді.
Сонымен бірге дағдарысқа дейін жұмыс істеген премьер-министр мен үкімет мүшелерін қызметінен босату қажет, бұл жаңа тағайындаулар үшін құқықтық негіз жасайды. Жаңа премьер-министр мен үкімет мүшелерін тағайындауды заңдастыру үшін Жоғарғы Кеңестің қарары мен президенттің жарлығы керек.
Мен тиісті жарлықтарға қол қоюға дайынмын, Жогорку Кенештің қаулыларын күтемін.
Парламентарийлер өз міндеттерін орындауы үшін құқық қорғау органдары Жогорку Кенеш депутаттарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек.
Құрметті отандастар, мен жоғарыда айтқанымдай, болып жатқан кадрлық өзгерістерді заңдастыруға ниеттімін. Мен үшін ешқандай ұстаным мемлекеттің тұтастығынан, халықтың бірлігі мен қоғамның тыныштығынан жоғары емес.
Біз қазіргі жағдайды тез арада заң шеңберіне қайтаруымыз керек. Атқарушы билік органдарының заңды басшылары бекітілгеннен кейін және ел заңдылық жолына түскен соң, мен Қырғыз Республикасының президенті қызметінен кетуге дайынмын.
Барлық саяси күштерді елдегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға, әрі халықты бөліп-жарып, қоғам арасында бүлік салмауға шақырамын. Құдай қолдап, барлық саяси күштерге даналық пен сабыр берсін!".
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы оның отставкаға кетуге ниеті жоқ екенін мәлімдеген болатын.
Сол арада, қырғызстандық сарапшылар Сооронбай Жээнбеков өз еркімен отставкаға кетуі керек деп есептейді. Олай болмаған жағдайда Жогаргу Кенеш мүшелерінің кем дегенде 80 дауысымен легитимді президентке импичмент жариялануы мүмкін.