06.06.2016, 03:11

Алматы облысында жоғалып кеткен 5 жасар қыздың мәйіті табылды

Алматы облысында 4 маусым күні із-түссіз жоғалып кеткен 5 жасар қыз өлі табылды деп хабарлайды Informburo.kz. Сәбидің жоғалып кеткендігін әлеуметтік желілер арқылы ерікті азаматтар жариялаған еді.

"2016 жылдың 4 маусымында сағат 10-11 шамасында Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Ават ауылындағы Розыбакиев көшесінде ойнап жүрген Жапарова Хуршидам Данияровна жоғалып кетті. Оның үстінде қызғылт түсті футболка мен шорты болған", - делінген еріктілердің таратқан хабарламасында.

Ал, 6 маусым күні қызды іздеуге шыққандардың бірі Эля Алиева оның өлі табылғандығын Facebook желісінде хабарлады. "Алдын ала болжам бойынша, қыз ойнап жүріп үй маңындағы құдықтардың біріне құлап кеткен. Әзірге нақты ақпарат жоқ, қандай құдық екені және оқиғаның қалай орын алғаны белгісіз", - делінген әлеуметтік желідегі хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің мамандары соңғы бірнеше күнде қараусыз қалған сәбилердің өлімі жиілеп кеткендігін айтқан болатын. Айналдырған екі күн ішінде дәл осындай 11 қайғылы жайт орын алған. Қайтыс болған балалардың көбі суға тұншығып көз жұмыпты.