$ 494.87  520.65  4.91

«Қырылған құстың бәріне өтемақы берілмейді» - АШМ

Елімізде 46 миллион бас құс бар. Жуырда тараған құс тұмауы соның 0,9 пайызын жалмапты.
фото: halqym.kz
фото: halqym.kz

Қырылған құс басының бәріне бірдей өтемақы берілмейді. Солтүстік өңірді түгел жайлаған құс тұмауының себеп-салдарын зерделеген Ауыл шаруашылығы министрлігі осылай деп отыр. Себебі, кей құс фабрикалары мемлекеттік органдарды дер уақытында ескертпеген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы КТК арнасына сілтеме жасап. 

«Олар мұны істемеген. Тіпті вирус одан әрі тарамасын деп, желдеткіш жүйесін өшіріп тастаған. Соның кесірінен құстар тұншығып қалған. Мұны жұмысына жауапсыз қарады дей алмаймыз. Бірақ, бұлай істеу дұрыс емес», - дейді Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елімізде 46 миллион бас құс бар. Жуырда тараған құс тұмауы соның 0,9 пайызын жалмапты. Одан сақтану үшін жеті облыстың 78 елдімекенінде карантин жарияланған. Жағдайдың бұлай ушығуына бір себеп – санитарлық талаптардың дұрыс сақталмауы. 

Екіншіден, жыл сайын ел аумағынан 2 миллиондай жабайы құс ұшып өтеді екен. Ол да құс тұмауының тез таралуына сеп болған. Дегенмен қазір құстардың қауіпті вирусы бәсеңдей бастапты. Соңғы аптада тек Солтүстік Қазақстан облысы аумағында 22 бас құстың өлгені анықталған. 

Мамандардың айтуынша, қараша айынан бастап ел аумағында құс тұмауы мүлде жойылады. Ал жалпақ жұртқа құс еті мен жұмыртқасынан қорқудың қажеті жоқ. Өйткені олар өндірістік бақылаудан өткізіледі. Әр өнімнің ілеспе құжатында арнайы тексеруден өткізілгені және таза екені көрсетіледі. 

«Тексерген кезде анықтамада өнімнің шыққан жерінің қолайлы екендігі, ондағы құстардың ауырмағандығы, олардың тексерілгені туралы мәлімет тұрады. Және базарларға сатуға келген кезде кез келген базардың ішінде зерттеу зертханалары бар. Олар зерттеуден өткізіледі, зерттеуге түседі. Сондықтан қауіп жоқ», - дейді Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдулданов. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары