Ауыл шаруашылы министрі Сапархан Омаров құс тұмауынан келген шығынның көлемін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"22 қыркүйектен 19 қазанға дейінгі кезеңде құстардың өлім-жітімі тіркелді. Соның ішінде 7 облыста жоғары патогенді құс тұмауына күдік немесе расталған жағдайлар орын алды. Жеке аулалардан 26,5 мың, 3 құс фермасында 847,4 мың бас қырылды. Осылайша, жоғары патогенді құс тұмауынан барлығы 873,9 мың құс өлді. Бұл жалпы құстардың 1,9 процентін құрады", – деді Омаров үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, кұстардың өлім-жітімі тіркелген сәттен бастап министрлік жанынан және өңірлерде жедел штабтар құрылды. Инфекцияның әр ошағы карантинге жабылып, құстарды және құс өнімдерін шығаруға тыйым салынады. Дезинфекция шаралары жүргізіледі.
"Буферлік аймақ құру үшін жабайы құстардың ұшып келу жолында үй құстарын мәжбүрлеп вакциналау үшін ветеринариялық препараттардың республикалық қорынан 4,4 миллион доза көлемінде құс тұмауына қарсы вакцина бөлінді", – деп атап көрсетті Омаров.
Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде жеті облыста жеке аулаларда құстардың өлім-жітімі тоқтатылды. Ал үш құс фермасында құстардың қырылуы азайды. Ауру құстарды жою және өтемақы төлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Эпизоотиялық ахуал ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыстық әкімдіктердің тұрақты бақылауында", – дейді Омаров.