$ 494.87  520.65  4.91

Елімізде биыл қыс қандай болады?

Алдағы қыс өткен жылғы қысқа ұқсас болады деген болжам бар.
фото: zhardem.kz
фото: zhardem.kz

Қазгидромет 2020 жылдың қарашасы мен 2021 жылдың наурызы аралығындағы ауа райы болжамын жариялады, деп жазады Аzattyq-ruhy.kz.

ҚАРАШАДА ҚЫС ТҮСЕДІ

Болжамға сәйкес, келесі айдың бірінші жартысында республиканың солтүстік бөлігінде, шығысында және орталығында қыстағыдай ауа райы болады.

Жауын-шашын, көбінесе қар, қарлы боран, сондай-ақ көктайғақ пен тұман жиі түседі. Айдың бірінші жартысында ең суық күндерде термометр бағанасы түнде -10-23°C, күндіз -2-10°C дейін төмендейді. Суық ауа массалары жылыға ауысқанда термометрлердің бағаналары +5+12°С белгісіне жетеді.

Ал еліміздің оңтүстігінде жауын-шашын (жаңбыр, жабысқақ қар) айдың екінші жартысында күтіліп отыр. Таулы жерлерде ертерек түсуі мүмкін. Температура түнде -5-12°С, күндіз -1+5°С дейін төмендейді.

Бір ай бойы, көбінесе, солтүстік өңірлерде жылы күндер аязды күндермен алмасып тұрады. Осылайша, Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы норма шамасында, мәселен, солтүстік-батыста – нормадан 1°С жоғары, ал оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыстың таулы және тау бөктерлі аудандарында нормадан 1°С төмен болады деп болжанып отыр.

АЛДАҒЫ ҚЫС ЖАЙЛЫ БОЛА МА?

Алдағы қыс өткен жылғы қысқа ұқсас болады деген болжам бар. Ауа райы жылы және жауын-шашын көп түседі.

Өткен жылдың қысында Қазақстан аумағына Атлантика аудандарынан жылы және ылғалды ауа массалары келген. Сол себепті республиканың басым бөлігінде мол жауын-шашын жауады. Алдағы қыста Қазақстан аумағы бойынша температуралық фон климаттық нормадан 1-2°С жоғары, тек еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығыс, шығыс аймақтарының таулы және тау бөктерлі аудандарында норма шамасында күтілуде.

Желтоқсан мен қаңтар айларында еліміздің басым бөлігінде ауа райы жауын-шашынды болады, тек батыста аз түседі. Ал ақпан айында жауын-шашын мөлшері елдің басым бөлігінде нормадан көп, ал оңтүстік-батыс жартысында норма шамасында болады.

КӨКТЕМНІҢ БАСЫНДА НЕ КҮТІЛЕДІ?

Мамандардың айтуынша, келесі жылы көктемнің басы, атап айтқанда, наурыз айы жылы және жауын-шашының мөлшері аз болады. Қазіргі болжам бойынша Қазақстан аумағының басым бөлігінде орташа ауа температурасы нормадан 1-2°С жоғары көтеріледі.

Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында нормаға жуық болжанады. Жауын-шашын мөлшері басым бөлігінде нормадан аз, қиыр солтүстікте және Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарының оңтүстік-шығыс бөлігінде норма шамасында, Шығыс Қазақстан обласының тауларда нормадан көп күтілуде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары