Қызылорда облысында 700 бас асыл тұқымды қой далада жанып кетті. Тағы бірнеше қозы күйіп қалған. Жаңақорған ауданындағы жағдайды жіті тексеруге арнайы комиссия құрылды. Бұл туралы «АстанаТВ» арнасы хабарлайды.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, шаруа қожалығы күзгі жиын-терімнен кейін күріш алқабын тазаламақ болып өрт қойған. Шаш етектен шығынға батқан серіктестіктің шығынын кім өтейді?
«Түгіскен» шаруа қожалығы күріштік алқабын өртеген. Өрттің салдарынан сол жерде жайылып жүрген «Ынтымақ» ЖШС-іне тиесілі мал зардап шеккен. Шопан оттың лезде тарағанынан қорқып, бас сауғалап қашқанын айтты.
«Малды шығара алмай қалдым. Өзім қуып келіп, осы жерге келгенде игере алмай қалдым. Бәрін өрт басып кетті де, малды тастап қашып кеттім», - дейді шопан Сәби Әуелбеков.
Серіктестік асыл тұқымды мал басын көбейтумен айналысады. 25 жыл бойы еңбекпен мал жиған құрылтайшы үлкен шығынға батқанын жеткізді.
«Аналық бастың құны кемі алпыс мың теңге. Асыл тұқымды. Ішінде 500 бас тоқты бар-тұғын. Бәрі семіз, күйікке түсуге дайын тұрған. 90 мыңнан қошқар әкеліп қосқанбыз, олардың бәрі жанып кетті», - дейді «Ынтымақ» ЖШС құрылтайшысы Мейіржан Құтыбаев.
Күріш алқабын қожайындары жиын-терімнен кейін жерді тазалау мақсатында қойыпты. Олар отар қойдың жайылып жүргенін де көрген. Айтуынша, мұның соңы бұлай болады деп ойламаған.
«22-23 қазанға қарай жауын бар деген. Сол үшін біз тез өртеп, зәкке дайындауымыз керек болған. Мысалы анау алтыншы картада от қойған. Мал бірақ мына жақта болған шығар деп ойлаған. Сол екі арада жел күшейіп кеткен. Әйтпесе, дәл мал жатқан атызға ешкім әдейіліп от қоймаған», - дейді «Түгіскен» шаруа қожалығының төрағасы Ғабит Иасев.