$ 444.14  477.05  4.85

114 желісі - күніне 40 шақты қоңырау қабылдайды

– Қауырт желінің барлық операторлары дінтану саласында жоғары білімі бар мамандар. Олардың саны қазіргі таңда төрт адам.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан көлемінде дін туралы барлық сұрақтар бойынша тегін кеңес беретін, сонымен қатар деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге психологиялық, құқықтық көмек көрсететін «114 қауырт желісі» бар. Яғни, оның чат-сайт функциясы да қарастырылған. Соған сәйкес сұрақтарыңызды телефон арқылы ғана емес, онлайн-режимде қазақ және орыс тілінде қоюға да болады. 

Биыл пандемия жағдайына байланысты қауырт желі тамыз айынан бері қайта іске қосылған болатын. Соған орай біз «Social Development Center» қоғамдық қорының бас маманы Байтөре Асхат Жетпісбайұлымен аталған қауырт желінің жұмысы жайлы сөйлескен едік. 

– Асхат Жетпісбайұлы, желі ең алғаш рет қашан іске қосылған еді? Білуімше, арасында біраз үзіліс болып, жұмыс тоқтап қалды. Желінің жалпы жұмыс бағыты қандай? 

– Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «114 қауырт желісінің» жұмысы 2013-2016 жылдары жүзеге асырылған болатын. 2019 жылдан бастап «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранты аясында жоба ретінде жалғасын тапты. Былтыр әлеуметтік жобаны «Ізгілікті істер» қоғамдық қоры жүргізді.  Қауырт желінің 2017-2018 жылдары не себеппен тоқтағаны бойынша сұрақты Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жолдаған жөн. Ал ағымдағы жылы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ұйымдастырған байқаудың нәтижесіне сәйкес әлеуметтік жобаны «Social Development Center» қоғамдық қоры қолға алды. Желі тамыз айынан бері қайта іске қосылып, қазақстандықтарға қызмет көрсете бастады. Желіге хабарласқан кез келген азамат дін туралы барлық сұрақтар бойынша тегін кеңес ала алады. Деструктивті діни ағымдардың әрекетінен зардап шеккен азаматтарға психологиялық және құқықтық көмек те көрсетіледі. Біздің қызметті үш жолмен алуға болады. Егер дінге қатысты мазалаған сауалдарыңыз болса, желіге қоңырау шалуға болады. Екіншісі – кері байланыс. Хабарласушылар өз контакт нөмірін қалдырса, біздің мамандар кері байланысқа шығады. Немесе сайтқа тіркеліп, жазбаша түрде хабарлама қалдырса, біздің мамандар сұрағына сәйкес жауап береді. 

– Күніне қанша қоңырау қабылдайсыздар және қай өңірлерден жиі хабарласады? 

– Жоғарыда айтып кеткендей, 114 қауырт желісінің қайта қосылғанына бар-жоғы екі айдан аса уақыт өтті. Осы қысқа мерзімнің ішінде біздің команда нәтижелі шаралар қабылдап, жұмыс істеуде. Негізгі басымдық ретінде біз желі туралы ақпаратты халық арасында кеңінен тарату ісіне бердік. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, яғни бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы масштабты жарнамалық кампания өтіп жатыр. Осы шаралардың нәтижесінде қауырт желіге күніне 40-қа жуық қоңыраулар түседі. Ал 114.kz сайтына күніне 10-ға жуық хабарламалар қалдырылады. Алдағы уақытта бұл көрсеткіштер жоғарылайды деген сенімдеміз. Ал жиі хабарласатын өңірлер ретінде Алматы қаласы мен Алматы облысы және Солтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр. Бізде барлық кеңестер тегін және конфиденциалды түрде өтеді. Және сайтта өтініш қалдырушылар көбіне анонимді түрде қалдырады. Қауырт желіге көбінесе жас буын өкілдері хабарласады. Оларды дін ұстанушы мен атеистердің қарым-қатынасы, діндегі бала тәрбиесінің орны, дәстүр мен дін, неке және отбасы, бір діннен басқа дінге өту мәселелері қызықтырады. 

– Желіде қандай мамандар қызмет көрсетеді? Яғни қаншалықты кәсіби кеңес алуға болады? 

– Қауырт желінің барлық операторлары дінтану саласында жоғары білімі бар мамандар. Олардың саны қазіргі таңда төрт адам. Сонымен қатар 12 консультант қызмет көрсетеді. Олардың арасында елімізге танымал дінтанушылар, исламтанушылар, теологтар мен психологтар, заңгерлер бар. Мәселен, теолог Асланбек Тыныштықов «Жусан» гуманитарлық арнайы операциясының қатысушысы, практик маман, «Ақниет» реабилитациялық орталығының басшысы. Психолог Лола Шакимова – ҚР психологтары мен психотерапевтері Ассоциациясының мүшесі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобының сарапшы-психологы. Психолог ретінде 40 жыл практикалық тәжірибесі бар, оның ішінде 25 жыл бойы құқық қорғау органдарында қызмет еткен. Яғни қауырт желінің барлық мамандары бойынша осылай оң мінездеме беруге болады. Біздің мамандар туралы толық ақпаратты жобаның сайтынан да оқи аласыздар. Сайттың сілтемесі – www.114.kz. Егер сұрақ арнайы маманды қажет етсе, оператор сіздің мәселеңіздің сипатын анықтап, сізді теологпен, психологпен немесе заңгермен байланыстырады. «114 қауырт желісі» аптасына 7 күн 9:00-18:00 дейін жұмыс жасайды. Қоңырау шалуға өтініш қалдырып, сайт арқылы онлайн-кеңес алуға болады. Мамандар өтінішті жақын арада қарастырып, кезек бойынша сізге хабарласады.

– Карантин уақытында халықты көбіне қандай сауалдар мазалайды екен? Қауырт желіге қандай мәселемен хабарласуға болатынын да толығырақ айтып өтсеңіз.

– Жиі қойылатын сұрақтар ретінде діни ғимараттардың ашылуы, жұма намазының оқылуы, антисептик қолдану, әке-шешеге айтпай, мешітте жасырын неке қию, басқа дінге кіріп кетті ме деген қорқыныш, отқа май құю салты, ішімдік пен ораза, вакцина, заңсыз миссионерлік қызме, діни білім секілді түрлі сұрақтар қойылады. Қазіргі уақытта әлем деңгейінде экстремистік шабуылдардың көп болуына байланысты және елімізде дәстүрлі емес діни ағым ұстанушыларының көбеюіне тосқауыл болу үшін ең бірінші халықтың діни сауаттылығын арттыруымыз қажет. Діни ағымдардан зардап шеккендерге құқықтық, психологиялық және дін саласында көмек көрсетуді жақсартуымыз қажет. Сондықтан егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз діни мәселелерге байланысты қиын өмірлік жағдайға тап болса, біздің орталық психологиялық көмек көрсетеді. Ал егер сізге дін саласындағы мамандармен кеңесу қажет болса және дінге қатысты мәселелер бойынша сенімді ақпарат іздесеңіз, біз консультациялық көмек береміз. Егер сізге дінге қатысты заңды қолдау қажет болса және сіз Қазақстан Республикасының дін саласындағы заңнамасының бұзылғаны туралы білсеңіз және ол туралы хабарлағыңыз келсе, біздің қауырт желідегі мамандар құқықтық көмек те береді. 

– Сұқбатыңызға рахмет! 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#дін