Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг кезінде ҚР ДСМ «Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы» ШЖҚ РМК бөлімшесінің басшысы Бақытжан Нұралиев айтты.
Қазіргі уақытта пандемия кезінде халықтың психикалық жай-күйінің өзгеруіне нақты баға беру ерте. Аймақтық психикалық денсаулық орталығының жедел мәліметтері мен психологиялық көмек көрсету сайттарының жұмысынан психикалық ауытқулары бар адамдардың мамандандырылған көмекке жүгіну көрсеткіші өскенін байқауға болады. Мұндай алдын ала тұжырымдар халықаралық жарияланымдар, зерттеулермен де расталып отыр.
«Қызыл крест» жүргізген сауалнама нәтижесінде COVID-19 пандемиясының әр екінші адамның психикасына әсер еткені анықталған. Жеті елдегі респонденттердің жартысы (51%) COVID-19 пандемиясының психоденсаулығына кері әсерін тигізді деп мәлімдеген. Әлі де зерттеулер жүргізіліп жатыр. Халықаралық зерттеулер аяқталғаннан кейін қосымша тағы хабарлайтын боламыз, - деді ол.
Бақытжан Нұралиев брифинг барысында жүйке жүйесі ауруының ауыр түріне шалдыққан науқастарға коронавирустың қаншалықты әсер ететініне тоқталды. Кез келген инфекцияның адамға әсері болатыны белгілі. Ал, инфекцияның психоденсаулыққа қатты әсер етері анық. Жүйке жүйесі ауруына шалдыққандар вирус жұқтырса дене қызуы көтеріліп, миға қан жетіспеушілігі мен гипоксия асқынуы мүмкін, - деді ол.