Алматы облысында дәретхана қағазын шығаратын цехта жарылыс болып, жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша, 29 қазанда сағат 11.31-де Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында дәретхана қағазын шығаратын цехта жарылыс болған.
"Онда қағаз кептіруге арналған қазандықтың жарылғаны және ішінара шатырдың құлағаны туралы хабарлама түсті. Өрт болған жоқ. Апат салдарынан 1983 жылы туған жұмысшы қаза тапты. Ол үйіндінің астында қалған. Құтқарушылар оны шығарып алды. Ал 1999 жылы туған тағы бір жұмысшы түрлі жарақатпен Ұйғыр ауданының орталық ауруханасына жеткізілді", - дейді Талғат Уәли.
Ол цехтың ауданы 200 шаршы метр екенін айтты.
"Апат орнының көлемі 25 шаршы метр. Цехтың төбесі шатыр түрінде жасалған, бір қабатты, профильді жабындымен жабылған, қабырғалары сплитерлік блок. Алдын ала болжам бойынша апатты жағдай өндіріс технологиясының бұзылуы салдарынан болуы мүмкін", - дейді ресми өкіл.