Жаңалықтар 31.10.2020 сағат 10:17

Бердібек Сапарбаев Қазақстанда жасалған тракторды жүргізіп көрді

Түрлі мемлекеттік қолдау бағдарламалары жүзеге асып, субсидиялар бөлінуде. Оның ішінде жаңа ауылшаруашылық техникаларын сатып алуға салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Ең бастысы – ерінбей жұмыс істеу керек.
Бердібек Сапарбаев Қазақстанда жасалған тракторды жүргізіп көрді
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «АгромашХолдинг KZ» АҚ шығарған жаңа LOVOL тракторының рөліне отырып, ескі ауылшаруашылық техникаларын жаңарту және қалпына келтіру бойынша trade-in бағдарламасын іске қосты. Бұл жайлы Skifnews.kz ақпарат порталы, Жамбыл облысы әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Қазіргі таңда облыстың аграрлық саласы шаруа қожалықтардың ұсақтығы мен техникалардың тозуы секілді екі негізгі проблеманы бастан өткеруде. Айталық, бүгінде өңірдегі 18 мың бірлік техниканың 15 мыңнан астамының немесе 80 пайызының пайдалану уақыты 10 жылдан асқан.

Жоғарыда айтылған ұсақ шаруашылықтар мәселесін шешу жолында облыс әкімінің бастамасымен әр ауданда ірі ауылшаруашылық холдингтері құрылуда. Ал, екінші мәселені шешу үшін жетекші қазақстандық өндіруші компания – «АгромашХолдинг KZ» АҚ-мен тығыз ынтымақтастық орнатылған. Бүгінде қостанайлық кәсіпорын бүкіл республика бойынша өзіндік сервисін жолға қойып, еліміздің ауылшаруашылық техникасы нарығының жартысына жуығын қамтып отыр. Компанияның өнімі ESSIL комбайндары, LOVOL, KIROVETS тракторларымен және барлық қосымша ауылшаруашылық техникаларымен кеңінен қолданыста десек артық айтпамыз.

Trade-in жобасы ағымдағы жылдың шілде айының ортасында «Тараз» ӘКК, «Агромашхолдинг KZ» АҚ және Өңірлік кәсіпкерлер палатасы арасында жасалған меморандумның арқылы жүзеге асып отыр. Ынтымақтастықтың нәтижесімен 49% әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға және 51% «АгромашХолдингке» тиесілі «ТаразРемСервис» бірлескен кәсіпорнын құру көзделген. Бұл кәсіпорын шаруалардан ескі техниканы қабылдап, оның орнына шаруаларға өте қолайлы шарттармен жаңа трактор береді, ал ескі техника алғашқы жарна ретінде пайдаланылады. Сондай-ақ, кем дегенде 50 тұрақты жұмыс орны құрылады. Бүгінгі күнгі алдын ала мәліметтер бойынша, МТЗ шамамен екі миллион теңгеге бағалануда. Қазірдің өзінде мұндай он екі техника жөндеуге жіберілуде. Олардың бірқатарының пайдалану мерзімі тіпті 40 жылға жеткен. Жастар аллеясындағы алаңға қойылған ескі техникалардың қасында құны 10,3 миллион теңгені құрайтын жаңа LOVOL тракторлары расында көз сүйсінтеді.

Сонымен қатар, "Агробизнес" бағдарламасы аясында шаруалар жаңа техника құнының 25% мөлшерінде субсидия алады. Осылайша, сол LOVOL тракторын сатып ала отырып, тек 4,5 миллион теңге ғана төлейді, ал қалған сома жылдық бес пайызбен бес жылға лизингке ресімделеді. Өндіруші екі жыл кепілдік береді немесе қозғалтқыштың 1600 сағат жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, ал "Агромашхолдинг KZ" АҚ мамандары "ТаразРемСервис" ЖШС базасында сервистік қызмет көрсететін болады. Trade-in бағдарламасының тағы бір артықшылығы ретінде төлемдер бойынша бір жылдық каникулды айтуға болады. Ал одан әрі төлемдерді алты айда бір рет жүргізе алады.

«Бұл тамаша мүмкіндік. Сондықтан мен тек жаңа трактормен шектеліп қалмай, сондай-ақ жалпы 18,5 млн. теңгеге жаңбырлатып суару қондырғысын, тыңайтқыш сепкіш, соқа сатып алуды жоспарлап отырмын. Мемлекеттің мұндай қолдауын тиімді пайдалану маңызды» , - дейді жас кәсіпкер, жуалылық «Мерсеит» шаруа қожалығының жетекшісі Олжас Сламбай.

Егер біреу өзінің ескі техникасын жаңартқысы келсе, онда оған зауыт мамандары заманауи жабдықтарды қолдана отырып қалпына келтіруге көмектеседі. Жаңасынан ешбір кем түспейтін ол техниканы шаруа тиісті кепілдікпен төмен бағаға сатып алады.

Аймақ басшысы ескі тракторларды да, жаңа тракторларды да бағалап, шаруаларды әңгімеге тартты. Ол 1980 жылғы ескі МТЗ техникасын байқап, жаңа LOVOL тракторын жүргізіп, сынап көрді. Жаңа трактор кондиционер және жылыту пешімен жабдықталған, сырт көрінісі тартымды әрі жолда ыңғайлы жүреді.

«Біздің совхозда жұмыс істеген жас кезімізде мұндай заманауи тракторлар болған жоқ. Кеңестік техниканы жүргіздік. Кез келген мемлекеттің міндеті – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аграрлық секторды дамытуға айрықша назар аударуда. Түрлі мемлекеттік қолдау бағдарламалары жүзеге асып, субсидиялар бөлінуде. Оның ішінде жаңа ауылшаруашылық техникаларын сатып алуға салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Ең бастысы – ерінбей жұмыс істеу керек. Бұл жағдайда топырақтың құнарлылығын бағамдап, жаңа технологияларды енгізу, тек жоғары сапалы тұқымдарды пайдалану, минералды тыңайтқыштарды уақытында қолдану және ауыспалы егістік тәсіліне ден қою аса маңызды.

Жамбыл облысы еліміз бойынша алғаш рет ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту үшін trade-in әдісін қолдана бастады. Жыл соңына дейін біз 100 бірлік ескі техниканы қабылдап, шаруаларға сонша жаңа техниканы ұсынбақпыз. Болашақта өз өндірісімізді құруымыз қажет», - деді Бердібек Сапарбаев.

«АгромашХолдинг КЗ» АҚ вице-президенті Мейрамбек Сәндібеков аймақ басшысына сенім артқаны үшін алғыс білдіріп, жобаны әрі қарай дамыта түсуге ниетті екендігін жеткізді.

«Біздің техникалар сенімді әрі өздерін жақсы жағынан дәлелдеп келеді. Облыс әкімдігімен бірлесе отырып, жергілікті аграрлық секторға жаңа технологияларды енгізетін боламыз», - деп түйіндеді зауыт өкілі. 

Шаруалар атынан сөз алған байзақтық «Байназаров» шаруа қожалығының жетекшісі Хамидулла Байназаров талап етілетін құжаттар саны едәуір қысқарғанын, жалпы алғанда жаңа қондырғылар сатып алу шаруалар үшін қол жетімді бола бастағанын атап өтті.

Қордайлық «Аухаттылық» агроқұрылымының басшысы Қуанышбек Әбдіқалықов қолдай түсті. Ол бірден екі ескі МТЗ-82 тракторын тапсырыпты. Жаңа техникалар арқылы ол 1200 гектар егіс алқаптарын әртараптандыруға күш салмақ. Келер жылы агроқұрылым басшысы майлы дақылдарды, атап айтқанда мақсары өсіруді жоспарлауда.

Айта кету керек, соңғы үш жылда облысымызда ауылшаруашылық техникаларын жаңарту қарқыны екі еседен астамға, яғни 4-тен 10 пайызға дейін артқан.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар