Словакиялық шеберлер жасаған жалпақ AirCar аэродинамикалық тіреуі аса дамыған суперкар сияқты көрінеді. Автокөлікті ұшаққа айналдыру үшін тиісті батырманы басса, қалғанын автоматика жасайды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, kolesa.kz-ке сілтеме жасап.
Көліктің бүктелген қанаттары жазылып, артқы бөлігі мен рөлі ұзарады. Бұл процесс үш минут уақыт алады.
Көлік 140 ат күшіне ие 1.8 литрлік BMW арқылы қозғалады. Екі адам сыятын модельдің салмағы 1100 кг. AirCar мың шақырымға ұша алады, 200 км жылдамдықпен қалықтаса, сағатына 18 литр отын жұмсайды.
Аэромобиль өткен аптада Словакиядағы Пьештян әуежайында екі рет ұшып, төңіректі еш кедергісіз айналып шықты. Өнім авторы Стефан Кляйн көлікті басқару қиын емес екенін және жүргізушіні ұшқышқа қайта квалификациялау процесі көп уақыт қажет етпейтінін айтты. Қанатты көліктің сатылатын нұсқасы бір-екі жылда жарық көреді деп жоспарланып отыр, оған анағұрлым қуатты мотор орнатылады. Ал бағасына қатысты мәлімет жоқ.