«Қазақконцерт» өзінің 60 жылдық мерейтой аясында «Балаларға сыйлық» атты қайырымдылық акциясын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Акция аясында аз қамтылған көпбалалы отбасыларға ноутбуктер мен планшеттер табысталды. Іс-шараға Роза Рымбаева, Алтынбек Қоразбаев, Мақпал Жүнісова, Айжан Нұрмағанбетова, Бағдат Сәмединова, Жеңіс Ысқақова және өзге де ұйымдардың әртістері қатысты.
Игі бастама аясында өнер жұлдыздары қоғам қайраткері Дархан Умралиевпен бірлесе отырып балаларды пайдалы сыйлықтармен қуантты.
«Игі істің бастауы жаңа ән мен бейнебаянның шығуына себеп болды. Әнін композитор Нұрсұлтан Батырқұлов, сөзін танымал ақын Серікзат Дүйсенғазы жазды. «Бірлік бар жерде тірлік бар« демекші, Қазақконцерт әртістері әрқашан жақсылық жасауға құштар. Бұл, мерейтойлық маусымдағы жаңа жобалардың бастамасы ғана», - деді өз сөзінде Алматы қаласындағы «Қазақконцерт» МКҰ филиал басшысың орынбасары Ренат Баситов.
Айта кетсек, биыл өнердің қара шаңырағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына 60 жыл толды. Мерейтойлық маусымашар концерт қазан айының басында көрерменсіз өтті. Өнер сүйер қауым концертті «Хабар» телеарнасы мен «Qazaqconcertlive» YouTube арнасынан тамашалады.