ҚР Денсаулық сақтау министрі болған Елжан Біртановқа келтірілген күдік негізсіз, оның ешқандай кінәсі жоқ, - дейді оның адвокаты Дмитрий Куряченко, деп хабарлайды zakon.kz.
Адвокат Біртановқа қатысты іс сұрақ-жауап алу деңгейінде - тергеу түрінде жүріп жатқанын айтады.
"Келтірілген күдік негізсіз", - дейді ол.
Ол белгілі дәрігерлер мен қоғам қайраткерлері араға түсіп, жазған хаттары істе маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
"Заңда жекелеген адамдардың мінездемесі, кепілдік беруі қарастырылған, өйткені ол сотта белгілі бір рөл атқарады. Ал азаматтардың жеке пікірін тыңдап, оны ескеруі, заңның осы бір тұсын пайдалану жағы сотқа байланысты. Экс-министр өзін кейбір азаматтардың қолдап жатқанын біліп отыр және оларға алғысы шексіз", - деді ол.
Тағы оқи отырыңыз: Біртановты ұстатқан кім?
Желіде экс-министр Біртановты қолдау акциясы пайда болды
Біртановқа қандай жаза тағайындалуы мүмкін?
3 қарашада Қаржы мониторингі комитеті Елжан Біртановтың қамауға алынғанын хабарлады. Оның бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінгені аталды. Ол қазір Нұр-Сұлтандағы уақытша ұстау изоляторына қамалған.
5 қарашада Қазақстандағы танымал дәрігерлер оны қолдап ашық хат жазды. Олар әріптесінің кінәсіне сенбейді әрі экс-министрді босатуды сұрайды және істің әділ тергелуін талап етеді. Олар сондай-ақ петицияға қол жинай бастады.