09.11.2020, 14:40

«Вирус мутацияланды»: әкім орынбасары алматылықтарға үндеу жасады

Фото: ria.ru
Егде жастағылар арасында өлім көрсеткіші жоғары.

Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қалада вирус жұқтырғандар саны күрт өскенін мәлімдеді, деп жазады Айқын сайты.

«Алматыда коронавирусқа шалдыққандардың 33%-ы – 65 жастан асқан адамдар. Сондықтан егде жастағылар арасында өлім көрсеткіші жоғары. Бұл ауруға қарсы дәрі мен вакцина әлі жоқ. Кейбір деректер бойынша вирус мутацияға ұшыраған. Сондықтан қарт кісілерді үйде отыруға шақырамыз», – дейді Ержан Бабақұмаров.

Оның айтуынша, науқастардың 44 пайызы ауруды кәсіпорындар мен мекемеде жұқтырған.

«Бұл жағдайда маска режимін сақтап, жеке бастың гигиенасына назар аудару қажет. Оған қоса мекеме басшылары да санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтап, вирус жұқтырған қызметкерлерін жұмысқа жібермеуі керек. Сол себепті, пәтер иелері кооперативтері әр үйдің кіреберісіне дезинфекция жасауы қажет. Бұл жұмыстар вирус жұқтырмас үшін керек. Қазіргі таңда вирус жұқтырғандардың 18 пайызы үйдің кіреберісі мен лифтіде жұқтырғаны анықталды. Есік тұтқалары мен қоршауларды күніне бірнеше рет өңдеп отыру керек. Санитарлық-гигиеналық режимді ұстанған жөн», – деп атап өтті Ержан Бабақұмаров.