$ 494.87  520.65  4.91

«Бүгінгі билік ермексаз, бүгінгі билік картон»: Айдос Сарым саясатқа араласушы белсенділерге шүйлікті

Біздің қоғам, халық көп нәрсені шатастырады. Оның ішінде саясаттың мақсаты мен саясаттың кейбір құралын шатастырып алады. Фейсбукке пост жазу — саясат емес. Ол саясатты жеткізу.
Фото: informburo
Фото: informburo

Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым саяси партиялардың рөлі туралы айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы inform.kz-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, саяси өмір Алматы, Нұр-Сұлтан және бірнеше облыс орталықтарында ғана бар.

«Саясат – еріккенің ермегі емес. Бір ғана мысал келтірейін. Бізде партия тізімі деген ұғым бар. Партия ұсынып отырған тізімдегі үміткерге 639 мың теңге ақша төлеуі керек. Яғни, 10 адам ұсынсаңыз 6 млн, 100 адам ұсынсаңыз 63 млн теңге қажет. Бұл тек қана тізімді ұсыну үшін. Ол оңай емес. Яғни, екінің бірі партия құра алмайды. Менің ойымша, көп партиядан гөрі әрбір аймақта, ауданда, ауылда нақты, мықты өкілі бар партия керек. Бізге жалпыұлттық партиялар қажет. Мен шағын партияларға қарсымын. Себебі, біздің елде сепаратизм деген әңгіме бар. Партия дегенімзі ол – саяси машина. Мысалы, Қарғызстанда 200 партия бар. Солардың тек 15-і ғана сайлауға ақша жинай алды. Қазір қаржылары таусылып, қалай сайлауға түсеміз деп отыр. Біздің елде саяси өмір Алматы, Нұр-Сұлтан және санаулы облыс орталықтарында ғана жүріп жатыр»,– дейді саясаттанушы.

Сонымен қатар, ол қоғамда саяси белсенділіктің төмен екенін тілге тиек етті.

«Біздің қоғам, халық көп нәрсені шатастырады. Оның ішінде саясаттың мақсаты мен саясаттың кейбір құралын шатастырып алады. Фейсбукке пост жазу — саясат емес. Ол саясатты жеткізу. Митинг, пикет өткізу ол саясат емес - ол белгілі мақсаттан туындаған қажеттілік. Соны билікке жеткізудің жолы. Саясаттың ең үлкен мақсаты, мүдессі - ол бюджет, заңдар мен бағдарламалар. Парламентте сөйлеген сөздердің бәрі саясат емес. Шын саясат сен бір бағдарлама әзірлеп, оны қорғап, дәлелдей алсаң — сол»,– дейді ол.

Саясаттанушы саяси жүйе белгілі бір уақытта дағдарысқа түсіп отыратынын жеткізді.

«Дағдарыстан қорықпау керек. Саяси таптың өзгеріске дайын немесе дайын еместігін айқындап береді. Қытайдың мықты бір тұжырымдамасы бар. Ол «Аспан мандаты» деп аталады. Егер белгілі бір жүйе қандай да бір жолмен билікке келсін, келмесін, ең бастысы бүкіл сынақтан, саяси додадан, тозақтан аман өтетін болса, яғни аспанның өзі оған мандат берді. Оның билікке қақысы бар. Сол сияқты саяси жүйеде «аспан мандатын» қиын қыстау, дағдарыс кезінде дәлелдеп отыру керек. Осыдан аман шықты ма, яғни потенциалы бар. Бізде екінің бірі көп әңгіме айтады. «Бүгінгі билік ермексаз, бүгінгі билік картон» деп жатады. Бұл картон мемлекет әлі талай адамның өмірін өзгертіп жіберуі мүмкін. Жақсы болсын, жаман болсын, мықты мемлекет көп нәрсені шеше алады. Қирап жатқан жоқпыз, далада тезек теріп жүрген жоқпыз. Рас, қиындықтар бар, кедейшілік бар, оны жоққа шығара алмаймыз. Оны айту керек. Онымен күресу керек. Бірақ әлсіз мемлекет емеспіз»,– деп қорытындылады Айдос Сарым.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары