Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жыл соңына дейін 4 137 ауыл интернетпен қамтылатынын жеткізді деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы "Парыз" сайтына сілтеме жасап.
Палатаның күн тәртібінде Салық кодексіне түзетулер енгізу мәселесі қаралған болатын.
Депутаттардың пікірінше, бұл заң жобасы аясында ауылдағы интернет мәселесін ұялы байланыс операторлары үшін преференциялар есебінен шешуге болады.
"Сенаторлар байланыс операторлары радиожелілерді қолданғаны үшін төлейтін төлемнің жылдық мөлшерлемесін 90 пайызға төмендетуді ұсынып отыр. Мұндай жеңілдікті алу үшін байланыс операторлары осыдан үнемделген қаражатты бірінші кезекте ауылдарды кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуге жұмсау керек. Бұл – Мемлекет басшысының аумақтарды теңгерімді дамыту тапсырмасымен байланысты міндет", – деді отырыста Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.
Бұл мәселеге байланысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жеңілдік алатын байланыс операторларына нақты қандай міндеттемелер артылатынын айтып берді.
"90 пайыз жеңілдік – шартты орындап, артылған ақшасын ауылды елдімекендерді ауқымды интернетпен қамтамасыз ету жұмсайтын байланыс операторларына ғана беріледі. Бұл міндеттемелер орындалмаса радиожиілілік спектріне деген рұқсатты "Байланыс туралы" қазіргі заңнамаға сәйкес қайтарып алуға болады. Осы ұсыныстарды талқылау барысында да аталмыш бағытта ілгері қадамды жасап үлгердік. Біз операторлар осы жылдың шілде айынан бастап-ақ өз қаражаты есебінен және кооперацияларға бірігіп, халқы 250 адамға дейінгі ауылды елдімекендерге интернет тарту жұмыстарын бастап кетті. Осылайша, Nur Otan партиясының сайлау алдындағы уәдесін орындап жатырмыз. Бұл дегеніміз – жылдың соңына дейін интернетпен қамтылатын 4 137 ауыл. Алайда алдағы бес жылда бұл бағытта жұмсалатын қаражат сол ауылдардағы интернеттің сапасына арттыруға жұмсалады. Себебі белгілі бір ауылды елді мекендер мен аумақтарда интернеттің әлсіз екенін мойындаймыз", – деді ол.
Бағдат Мусин Сенатта бүгін қаралған нормалар алдағы бес жылда бұл мәселені біржолата шешуге мүмкіндік беретінін жеткізді.