Атырау облысының ауруханаларында коронавирус жұқтырғандарға арналған чек-парақтар енгізілді.
№2 облыстық инфекциялық ауруханасы COVID-19 бөлімшесінің меңгерушісі Нұрфия Қизатованың мәліметінше, коронавирус инфекциясын жұқтыруға күдікті, не COVID-19 белгісі анықталған науқастардың жағдайын бағалап, оларды қашықтықтан бақылау үшін арнайы чек-парақтар енгізіліп отыр.
«Мобильді бригада мамандары чек-парақтар арқылы қауіпті індет ағынының ауырлығына байланысты науқасты ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдай алады. Мұндай шешім дене қызуының көтерілуі, ентігу секілді белгілер болғанда ғана емес, науқастағы ілеспе аурулардың және адам өміріне қауіп төндіретін факторлардың бірқатар параметрі негізінде қабылданады», - деді Нұрфия Қизатова.
№2 облыстық аурухананың директоры Мағжан Сиджанов тұрғындарды қауіпті індеттің алдын алу шараларынан хабардар болып, адам көп жиналатын жерлерге бармауға шақырды.
«Бүгін кезекші сыныптарда сабақ басталды. Ата-аналардан балаларын қорғауды сұраймыз. Балалардың жай-күйі туралы үнемі хабардар болу керек. Дене қызуы көтерілген болса, мектепке жібермеген жөн. Пандемия кезеңінде басқа да инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында жоспарлы екпелерді алу үшін емханаға уақытылы бару керек екенін ескертемін», - деді Мағжан Сиджанов.